
Елімізде алғаш Ата заңда діннің мемлекеттен бөлек екені нақты жазылады. Жалпыхалықтық референдумға шығарылған Конституция жобасы мақұлданған жағдайда аталған норма күшіне енеді.
Республикалық басылымдарды жарияланған жаңа Конституция жобасының 7-бабы 1-тармағында «Дін мемлекеттен бөлек» деп көрсетілген. Сондай-ақ осы баптың 2-тармағында Қазақстан аумағында діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылатыны және ол конституциялық құрылыс негіздерін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында шектелуі мүмкін екені жазылған.
Айта кетерлігі, қолданыстағы Конституцияда дінге қатысты нормалар бірнеше бапта шашыраңқы жазылған. Мәселен, 5-баптың 5-тармағында шетелдік діни бірлестіктердің Республика аумағындағы қызметі, сондай-ақ шетелдік діни орталықтардың Республикадағы діни бірлестіктер басшыларын тағайындауы Республиканың тиісті мемлекеттік органдарымен келісу арқылы жүзеге асырылатындығы көрсетілген. Ал 14-бапың 2-тармағында тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтыны жазылған. Мұнан бөлек, 19-бапта әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы екендігі айтылады.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 9-отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жаңа Конституция жобасында дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылғанын айтқан еді.
