Интернет қылмыскерлердің құрбаны болмау үшін қауіпсіздік шараларына мұқият болу керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында құқық қорғау органдары мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқаратын құрылым екенін атап өтіп, қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыспен күресу аса маңызды міндет екенін жеткізді.

Screenshot_41.jpg

«Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан, қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр» дейді Президент Жолдауында.

Бүгінгі күні ақпараттық технологиялардың қолдану аясы кеңеюімен алаяқтықтың жаңа түрлері, оның ішінде, интернет алаяқтарының саны жыл өткен сайын артып келеді. Мәліметтерге сүйенсек, өткен жылдың қорытындысына сәйкес алаяқтық фактісімен жалпы 4 мыңға жуық қылмыстық іс тіркелген. Осылайша, нақ осы қылмыстың өсу деңгейі 7,4 пайызға арта түскен. Жалпы, интернет желілеріндегі алаяқтықтың бір ерекшелігі – арам ниетті қылмыскерлер өз әрекетін ел аумағында ғана емес, республикамыздан тыс жерлерде жүзеге асыра алады. Ал, тиісті қауіпсіздік шараларын сақтамаған кейбір азаматтарымыз оп-оңай олардың құрбанына айналуда. 

Бұл ретте ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіруге баса мән беріліп, полиция қызметінің сервистік моделі енгізіліп жатыр. Есте болса, Мемлекет басшысы полиция қызметкерлерімен кездесуінде қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – алаяқтық әрекеттерге де арнайы тоқталды. «Қазір көптеген азаматтарымыз алаяқтардың айласына түсіп, алданып қалып жатыр. Сондықтан құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс. Оларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек. Себебі, алаяқтардың жасаған әрекетінен халық зардап шегуде. Мысалы, жақында бір туристік компания заңға бағынатын бір топ азаматты алдап, оларды қажылыққа жіберген. Енді кінәсіз адамдар Сауд Арабиясының полиция учаскесінде қамауда отыруға мәжбүр. Осындай алаяқ компанияның заңға қайшы әрекеті азаматтарымыздың денсаулығына, олардың моральдық жағдайына және жалпы еліміздің беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Бұл жерде, әрине, адамдардың құқықтық сауатсыздығы да бар. Енді мемлекетіміз, яғни Сыртқы істер министрлігі оларға барынша көмектесуі қажет. Ал, Ішкі істер министрлігі алаяқ компанияның басшылығын, қызметкерлерін заңға сәйкес жауапқа тартуға тиіс. Әділетті қоғам құрамыз десек, дәл осындай өзекті мәселелерді шешуіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Айта кетейік, Президент мысал еткен атышулы туристік компанияға қатысты былтыр сот процесіне нүкте қойылған еді. Бірнеше айға созылған сот отырысының қорытындысында Алматы мен Шымкент қалаларының тұрғындарын Мекке мен Мединаға апарамыз деп алдап соққан «Кausar Trаvel» туристік фирмасының директоры 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Судья Айнель Орақбаеваның айтуынша, ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Атап өтерлігі, осынау туристік фирманың директоры жүздеген қазақстандықты алдады деген күдікке ілінген еді. Қажылардың әрқайсысы қасиетті жерлерге бару үшін кем дегенде мың доллар төлепті. Олардың кейбіреулері Қазақстаннан ұшып кете алмаса, ал кейбіреулері шетелде баспана, ақша, тамақсыз қалған. Ал, оған қатысты сот отырысында 300-ге жуық адам куә болған. Десе де, зардап шеккендер одан да көп болуы әбден мүмкін. 

Түркістан қаласында да алаяқтықтың алдын алу шаралары қолға алынған. Түркістан қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Алмас Мырзахметовтың айтуынша, былтыр Түркістанда алаяқтықтың 45 фактісіне қатысы бар күдікті ұсталған. «Cyberpol» арнайы тобының қызметкерлері күдіктіні Шымкент қаласынан ұстады. Оның Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласы аумағындағы алаяқтықтың 45 фактісіне қатысы бары анықталған. Шығын көлемі 6 миллион теңгені құраған. Белгілі болғандай, ер адам дүкендер мен дәріханаларға кіріп, сатушылардың сеніміне кіріп, түрлі тауарларды жымқырып келген. Яғни алаяқ көлігінен ақша алып келіп төлеймін деген сылтаумен тауарларды тиеген бойы оқиға орнынан ізін суытқан. ҚР ҚК 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 

- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс» деп нақты міндетімізді айқындап берді. Өкінішке орай соңғы кездері алаяқтардың әрекеті азаймай тұр. Түркістан қаласында алаяқтардың құрығына түскендер бар. Олардың арыз-шағымдары бойынша жұмыстар жалғасуда. Мәселен, биыл Түркістан облысында 50 адамды 160 миллион теңгеге сан соқтырған алаяқтың ісі сотқа жолданды. Алданғандардың көпшілігі Түркістан қаласының тұрғындары. Өкініштісі сол  25 жастағы Сайрам ауданының тұрғыны Түркістан қаласы мен облысымыздың 50 адамын алдап, құрығына түсірген. Жас жігіт жәбірленушілерге несие ресімдетіп, ақшаларыңызды көбейтіп, несиелеріңізді төлеп береміз деп алдаған. Ал Шардаралық 29 жастағы ер адам 10-ға тарта жәбірленушіге «ЭЦҚ-кілт ашып беремін» деген сылтаумен жеке басына қатысты мәліметтерді алып, олардың атынан несие ресімдеген. Сөйтіп 14,5 миллион теңге шығын келтірген іс сотқа жолданды. Сондай-ақ «Cyberpol» қызметкерлерінің жедел әрекет етуі нәтижесінде жәбірленушілердің 21 миллион теңге қаражаты алаяқтардың есепшотына өтіп кетпей, дер кезінде бұғатталып үлгерді, - дейді Алмас Мырзахметов.

Жалпы, ғаламтордың «тілін» жетік меңгерген интернет алаяқтары ең алдымен әрбір адам жөнінде ақпарат жинайтыны айдан анық. Уақыт өте құқықтық жағынан сауатсыз тұрғындарға телефон соғып, құйтырқы әрекеттерімен өздерінің қақпанына түсіреді. Ал, күн өткен сайын сіз бен біз адамнан қулық артылмайтындығына куә болып келеміз. Бірер жыл бұрын кез келген жеке тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі (ИИН) арқылы несие алатын алаяқтар шыққанын естігенде бәріміз таңғалып едік. Ал, қазір олар да заман талабына сай дамып, ендігі кезекте өзіңізге қоңырау шалып, банктегі счетыңыздағы қаражатты оп-оңай ғана шешіп алуға әрекеттеніп жүр. Бұл мәселеде кейбір «сәтті» шыққан «операциялары» да жоқ емес. Ендеше, оңай олжаны мақсат еткендердің схемаларын тізіп көрелік. 

Интернет алаяқтары Olx, Market, Kolesa сынды алу-сату желілерінде және басқа да түрлі жолдармен өздерінің құйтырқы әрекеттерін іске асыруға күш салуда. Рас, желілер әртүрлі, бірақ схема бір. Мәселен, сізге кезекті сатып алушы болып хабарласып, тауардың жағдайын сұрап, басқа қаладан екендігін және сізге курьер жіберіп қойғанын алға тартып, келісімшартқа өзіңіздің мәліметтеріңізді толтыруыңызды өтініп сілтемені жібереді. Ал, сіз еш күдіктенбестен сұраған мәліметтің барлығын толтыра саласыз. Осылайша, алаяқтардың өз мүдделерін іске асыруға сіз де байқамай атсалысып кетесіз. Бірақ, әр мәселеге сыни көзбен қарайтын әрбір азамат бұл арбауға бірден түсе қоймас. 

Бүгінгінің алаяқтарына алданған адамның бірі – түркістандық Самал есімді азаматша. Айтуынша, оған орыстілді бөгде әйел қоңырау шалып, Алматыдан хабарласып тұрғанын және оның атынан несиеге өтініш беріліп жатқанын жеткізген. О баста мұндай мәліметке аса сене қоймаған ол өзін банктің бас маманымын деп таныстырған ер адаммен сөйлескен сәтте қақпанға қалай түскенін сезбей қалған. 

– Ол кісі өзін Сергей деп таныстырып, өздерінің Алматыдағы бас кеңседен хабарласып отырғанын айтты. Сонан соң, мән-жайды түсіндермек кейіп танытып, WhatsАpp мессенджері арқылы қайта хабарласты. Мені алаяқтардан қорғайтынын, олардың барлық банк жүйелеріне қолжетімділігін үзетінін, сонымен қоса менің есепшоттарыма қауіпсіздік қызметін жүргізгелі отырғанын түсіндірді. Осыдан соң, «ForteBank» атынан хабарлама жіберді. Маған 4 жыл бойы келіп жүрген хабарлама қайта келді. Яғни, ол банкте өзімнің төлеп жүрген несием болатын. «Күмәнданбауыңыз үшін «ForteBank» ресми сайтынан хабарлама жіберем, ол жерде құпия код болады, осылайша менің алаяқ емес екендігіме көз жеткізе аласыз», – деп сендірді. Артынша маған «мы не можем одобрит вам кредит», деген тағы бір хабарлама келді. Мұны ол кісі алаяқтарды әшкерелеу барысында болып жатқан жайт екенін айтып, одан соң олардың айтқандарын жасап отырсам әккілерді әшкерелейтінімізді жеткізді. Осылайша, шүбә келтірмей айтқандарын жасап, кодтарды айтып отырдым. Кейіннен, «Халық банкінен» бас-аяғы 1 миллион 315 846 теңге, «Еуразия» банкінен 2 миллион теңге онлайн форматта рәсімдеді. Ал, банктерге барып, тағы көз жеткізбек ниетте сұрағанымда банк менеджерлері алданғанымды айтты. Бұдан кейін, барлық органдарға арызданып, арпалысқа түскен жайым бар, – дейді ол. Шын мәнінде, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады-ақ. 

Киберқылмыстың алдын алу мақсатында әр тоқсан сайын өңір-өңірлерде «Абайлаңыз, алаяқтар!», «Antifraud» және тағы басқа жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілуде. Дегенмен, ерекше тоқталарлық жайт, бұған дейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері түрлі деңгейдегі мекемеге барғанда азаматтарға ұры-қары мен әлімжеттіктің құрбаны болмас үшін бағыт-бағдар беретін. Ал, қазір бұл тізімге интернет алаяқтарының құрығына түспеу жөніндегі тиісті кеңесті қосуға болады. Мамандардың пікіріне құлақ түрсек, интернет қылмыскерлердің құрбаны болмау үшін қауіпсіздік шараларына мұқият болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, сақтансаң, сақтайды! 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Отаншылдық та өз еліңе, өз жеріңе, өз тарихыңа деген сыйластықтықтан басталады
  • Әйелін ұрып, баласын жылатқанды заң басынан сипай қоймайды
  • Адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет
  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер