Түркістанда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Педагогикалық шеберлік орталығының ұйымдастыруымен «Білім берудегі көшбасшы бағдары» өңірлік интенсиві өтті. Түркістан облысындағы орта білім беру ұйымы басшыларына арналған басқару интенсивіне 762 мектеп директоры қатысты.

2024 жылы Педагогикалық шеберлік орталығы Түркістан облысы әкімдігі және облыстық білім басқармасының қолдауымен өңірдің мектеп директорларының кәсіби қажеттіліктері негізінде жасақталған ауқымды бағдарламаны жүзеге асырды. Аталған жоба қатысушыларын курстан кейін қолдау аясында ұйымдастырылған интенсивте бағдарламаның нәтижелері талданып, табысқа жетудегі басты басымдықтарды анықталды.
Басқару интенсивінің ашылуында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Толқын Айдосова білім сапасына тұрақты қолдау көрсету мен өзгерістерді басқарудағы жаңа мазмұн мен көзқарастың маңызы туралы айтты.
Сонымен қатар педагог-тренер Ескендір Бестай қатысушылармен бірге қандай басшы өнімді болатынын сараптаса, Түлкібас ауданы Н.Жандарбеков атындағы мектеп директоры Гүлжан Әмірбекова мектепті трансформациялаудағы басқарушылық шешімдерін таныстырды. Түркістан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Айдын Түсіпжанов мектептің тұрақты дамуы жолында ынтымақтыстық пен құндылықтардың рөлін атап өтті.

Интенсивте стратегиялық жоспарлау, кадрлық менеджмент, кәсіби мәдениет, шешім қабылдау, цифрлық басқару құралдары, тиімді серіктестік және тағы басқа өзекті тақырыптары негізгі назарда болды. Шеберлік сағаттарында Педагогикалық шеберлік орталығы тренерлерінен мектепті тиімді басқару мәдениетін қалыптастыру бойынша кеңестер мен лайфхактар ұсынса, кейс-сессияларда қатысушылардың өздері мектепті басқарудағы сәтті шешімдерін ортаға салды. Интенсив аясында өткен постерлер көрмесінде мектептерде жүзеге асырылып жатқан үздік жобалар мен басқарушылық шешімдер таныстырылды.
– Әрине, жоба әрқайсымызға кадрлық саясатты саналы түрде қайта қарастырып, жаңаша құруға жол ашты. Әсіресе, мұғалімдердің кәсіби құзіреттілігін анықтаудың нақты құралдарын меңгердік. Бұл педагогтерге өздерін бағалап, әрі қарай даму бағдарын анық көруге мүмкіндік берді. Бүгінгі мазмұнға толы интенсив әр қатысушының алған білімін бір арнаға тоғыстырып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді, – дейді Сауран ауданы жалпы білім беретін мектебінің директоры Гүлбағила Қаражанова.

«Білім берудегі көшбасшы бағдары» – Педагогикалық шеберлік орталығының мектеп басшыларының кадр резервін дайындау және мектеп басшыларының біліктілігін арттырудағы ауқымды жұмысының қисынды жалғасы. Орталық 2023 жылдан бері «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасы аясында отандық білім берудің жаңа буын көшбасшыларын дайындап келеді.
