Дауыл алдындағы тыныштық

Screenshot_1.jpg

Қызметіне тағайындалғанына екі аптадан асқан Өмірзақ Шөкеев әзірге кадрлық ауыс-түйіске бел шешіп кірісе қойған  жоқ. Бірақ, мұның дауыл алдындағы тыныштық екендігін бәрі біледі.

Ал Астанада, Ауыл шаруашылығы министрлігінде Шөкеевтің командасындағы шенеуніктер шетінен қызметінен босатылып жатыр. Бұл мына жақтағы атқамінерлердің көкейіндегі күдікті тіптен қоюлатып жіберген сияқты. Осы аптада вице-министрлер Арман Евниев пен Берік Бейсенғалиев қызметтерінен босатылды. Берік Бейсенғалиевті Шөкеев министрлікке «Самұрық Қазынадан» алып келген болатын. Ары қарай Түркістанға алып келмесіне кім кепіл? Арман Евниев 2007-2008 жылдары Шымкенттегі «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясында бірінші орынбасар лауазымын атқарған. Яғни, Түркістан облысы ол үшін бейтаныс жер емес. Ал мұның алдында қызметінен кеткен жауапты хатшы, Шөкеевтің ең сенімді кадры Асылжан Мамытбеков туралы әңгіме алда. 

Бірі қосады, бірі бөледі

Бұрынғы әкім Жансейіт Түймебаев кадрлық ауыс-түйістерді  облыстың тізгінін қолға алған соң екі аптадан кейін, өзі туып-өскен Бәйдібек ауданынан бастаған еді. Жалпы екі жыл бес айдың ішінде облыс басшысы  бірнеше аудан, қаланың әкімін жаңартыпты. Басқарма басшылары арасындағы ауыс-түйіс те аз болған жоқ. Соңғы тағайындаулар осы жуырда ғана жасалған болатын. Біздің қолымыздағы мәліметтерге қарағанда, жоғарыдағы азаматтардың келісімін алып іске кіріскелі жатқандардың қарасы да аз болмаған сияқты. Бірақ, атқамінерлердің үй артындағы жоспарын жаңа әкім бұзғалы жатыр. 

Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының экс-басшысы Марғұлан Марайымның орнына үш кандидат құжат тапсырып, ақырғы сынға жолдама алып қойған екен. Естуімізше, конкурстың қорытындылары бұзылған көрінеді. Енді бұл басқарманың басшысының орнына ешкімнің иегі қышымайтын шығар. Шөкеев бас коммуналшыны Елордадан алдыруда деген сыбыс бар. Облыстық индустрия және инновациялық даму басқармасының басшысы лауазымына жеке-дара өткен жалғыз кандидаттың да жолы болмайды-ау. Жауапты орынға Шөкеев сенімді кадрларының бірін әкеліп отырғызатыны айтпаса да түсінікті. Әкім ауысты деген сөз жағдай 180 градусқа өзгереді дегенді білдіреді. Облыста әкім жаңарған сайын басқармалар арасында құрылымдық өзгеріс жасау әдетке айнала бастады. Шөкеев басқармаларды бір-біріне қосатын көрінеді. 

«Рейтинг» газетінде бұған дейін де жазғанымыздай, Асқар Мырзахметовтың тұсында әкімдік басқармаларды бір-біріне қосқан болатын. Сол кезде облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр депутаттарға қосудың тиімділігін барынша дәлелдеп баққан еді. Артынша облыста әкім ауысып, Бейбіт Атамқұлов келді. Енді әкімдік басқармаларды қайтадан бөліп алды. Әкімнің айналасындағылар бөлінудің тиімділігін дұрыс деп тапты. Енді міне, Шөкеев келген соң басқармалар қайтадан бірігетінге ұқсайды. Кеше бөлінуді жақтағандар енді бірігуді насихаттауға көшеді деген сөз. 

«Төлеген сенде арман жоқ» деген заман өтті

 Аудан, қала әкімдерінің бәрі орындарында қалтырап отыр. Бәрінен қызметінен өз еркімен босату жөнінде арыз жаздырып алыныпты деген ақпараттың қаншалықты рас екендігін білмедік. Ауыс-түйіс осы аптадан басталуы мүмкін. 

Өңірде кемінде облыс әкімінің екі орынбасары жаңаруы мүмкін. Соның бірі Төлеген Сәрсембаев.  2017 жылы Төлеген Сәрсембаев қызметіне жаңадан тағайындалған кезде біз ол туралы былай деп жазған екенбіз:

 «Төлеген Сәрсембаевтың еншісіне облыс әкімдігіндегі ең майлы-жілікті, ең жауапты деген басқармалар тиді. «Төлеген сенде арман жоқ»...Иә, Жансейіт Түймебаевтың орынбасары Төлеген Сәрсембаев туралы әңгіме қозғағанда әйгілі фильмдегі кейіпкердің осы бір сөзі еріксіз еске түседі екен. Республикадағы ең үлкен облыстың бүкіл қаржы мен тендер саласына бақылау жасаған азаматта арман бар ма?   Осы фильмде Қыз Жібектің әкесі Сырлыбайдың бір-бірімен ырылдасқан Төлеген мен Бекежанға қарата «Ұнасаң бірің оң қолым, бірің сол қолым болыңдар» деген сөзі бар емес пе еді?! Жансейіт Түймебаевтың  орынбасарларының қайсысы оң қолы, қайсысы сол қолы екендігін, осы өзгерістен байқауға болатын сияқты».

Енді міне, «Төлеген сенде арман жоқ» деген заман да өтті. «Алдағы  күндер Асылжан Мамытбеков облыстағы биік орынтақтың біріне нық орнығып  айы оңынан тууға ұласады» дейді ел аузындағы әңгіме. Бәрі уақыттың еншісіндегі дүние.

"Рейтинг" газеті 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Отаншылдық та өз еліңе, өз жеріңе, өз тарихыңа деген сыйластықтықтан басталады
  • Әйелін ұрып, баласын жылатқанды заң басынан сипай қоймайды
  • Адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет
  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер