Назарбаева Қазақстан ТМД-дағы елдерден бірнеше онжылдыққа алға дамып кеткенін айтты

Screenshot_1.jpg

Алматы жастарымен кездесу өткізген Дариға Назарбаева оларға қытай тілін меңгеруге кеңес берді. Оның айтуынша, бұл патриоттық сезімге кері әсерін тигізеді деп ойламау керек.

"Өзге елдерді тану дегеніміз отанды сату деген сөз емес. Бұл күлкілі. Бірақ егер қытай нарығында жұмыс істегіңіз келсе, тіл үйреніңдер. Қытай компаниялары миллиардтаған қаражатты инвестициялады, ал қазақстандықтар жұмыспен қамтылып, табысқа кенеледі. Қазақстандық нарық жаңа өнімге ие болады.

Синергетикалық тұрғыдан ықпалы өте зор, сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ. Тәуелсіздік жылдары Еуропа, Америка мен Қытайдан 20 млрд доллардан астам қаражат тартылды", - дейді ол.

Сенатордың айтуынша, ТМД елдерінің ешқайсысы мұндай нәтижеге қол жеткізген жоқ. Оның пікірінше, Қазақстан көршілес елдермен салыстырғанда бірнеше онжылдыққа алға дамып кеткен.

"Сенбесеңіздер, барып, көріп қайтыңыздар. Бейбітшілікті қандай тәсілмен болса да, сақтап қалу керек. Ешқандай проблеманы қақтығыс арқылы шешуге болмайды.

Біз тәуелсіздік жылдары елімізде қантөгіс болмағаны үшін президентке алғыс айтуымыз қажет. Біздің жігіттер де соғыс көрген жоқ", - деді Назарбаева.

Сонымен бірге, кездесу барысында Дариға Назарбаева елордада қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылған мейрамхана жоқтың қасы екенін айтып, наразы болған. Ол жас кәсіпкерлердің осы мәселеге назар аударуын сұрады.