Қызметіне адалдық пен жауапкершілік өмірлік ұстаным

image.png

    Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу және жазасын өтеушілердің қайта әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасау – бұл үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететін маңызды міндет. Осындай күрделі де жауапты саланың алдыңғы шебінде тұрған – Пробация қызметі бөлімінің инспекторлары. Олар – қоғамдағы тыныштықты сақтауда үнсіз еңбек етіп жүрген шынайы еңбек адамдары.

     Пробация инспекторының жұмысы – тек құжат рәсімдеу немесе бақылау жүргізу ғана емес. Бұл – адам тағдырына әсер ететін, өмірге жаңа мүмкіндік сыйлайтын, жан-жақты қамтылған әлеуметтік жұмыс. Инспекторлар бас бостандығынан айырусыз жазаны өтеушілермен күнделікті байланыс орнатып, олардың түзету жолына түсуіне қолдау көрсетеді. Әлеуметтік жағдайын зерттеп, жұмысқа орналасуына, білім алуына, отбасымен қарым-қатынасының қалпына келуіне бағытталған кеңес береді.

    Пробация қызметінде әрбір кездесу – жаңа сынақ. Өйткені инспектор алдына келген әр адамның өмірлік жолы әртүрлі: біреу қателігін түсініп, жаңа бастамаларға талпынса, енді бірі қоғамға бейімделуде қиындықтарға тап болады. Осындай сәтте инспектордың кәсіби білімімен қатар, адамгершілігі, шыдамдылығы, түсінігі мен психологиялық дайындығы негізгі рөл атқарады.

    Осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген азаматтың бірі - Шымкент қаласы Еңбекші ауданы Пробация Қызметі бөлімінің инспекторы Нұркен Жақыпбек. Оның айтуынша бұл жәй ғана қызмет емес, бұл күнделікті адам тағдырларына деген үлкен жауапкершілік. «Әр күн сайын өмірінің қиын кезеңдеріне тап болған азаматтармен жүздесемін. Біздің міндет тек қадағалау емес, бағыт беру, қолдау көрсету, дұрыс жолға түсулеріне көмектесу. Қызмет барысында бір нәрсені түсіндім. Жақсылыққа жасалған кішкентай қадамның өзі адамның тағдырын өзгерте алады.  Бізге жүктелген міндеттердің бірі – құқықбұзушылықтың қайталануын болдырмау. Ол үшін біздер үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жергілікті атқарушы органдармен, әлеуметтік қорғау мекемелерімен, жұмыспен қамту орталықтарымен тығыз байланыста қызмет атқарамыз. Қажет болған жағдайда, жазасын өтеушілерді оңалту бағдарламаларына бағыттап, олардың жаңа өмір бастауына жол ашамыз. Кеше пробацияда тұрған азаматтың бүгін тұрақты жұмысқа орналасып, отбасына оралып, жаңа өмір бастағанын көру біздің ең үлкен жетістігіміз. Адамдардың қайта қоғамға бейімделуіне, жаңа өмір бастауына көмектесу менің мақтанышым. Бұл жәй ғана жұмыс емес, бұл -  жүректің ісі»,- дейді кейіпкеріміз.

     Пробация инспекторы – тәртіп пен мейірімнің, талап пен қолдаудың үйлесімі. Олар қоғам мен адам арасындағы көпір іспеттес. Қылмыс жасаған азаматтың қайтадан дұрыс жолға түсуіне, қоғамға пайдасын тигізетін тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді. Сол арқылы жалпы қауіпсіз орта қалыптастыруға өз үлесін қосады. Қоғамдағы тұрақтылықтың, қауіпсіздіктің және адам тағдырын жақсартуға бағытталған жұмыстың маңызды бөлігі  Нұркен Рүстемұлы секілді еңбек адамдарынан басталады. Пробация қызметінің инспекторлары – елдегі құқықтық тәртіпті нығайту жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандар.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қызметіне адалдық пен жауапкершілік өмірлік ұстаным
  • Қызмет пен отбасы құндылықтарын тең ұстаған жан
  • Рухани жағдайды көтеру – түзелу жолындағы алғашқы қадам
  • Шымкентте «Өндіріс жастары – кәсіби өсу алаңы» атты форумы өтті
  • Көрінбейтін, бірақ аса жауапты қызметтің иесі
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер