
Таяуда «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-де кәсіпорын қызметкерлері мен Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің дуалды оқыту тобының студенттері арасында кездесу өтті. Шараның басты мақсаты – өндірістік саладағы заманауи технологияларды таныстыру, болашақ мамандардың кәсіби бағдарын кеңейту және кәсіптік білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту.
Іс-шараға өндіріс директоры Р. Навесов, еңбек қорғау және техника қауіпсіздігі бөлімінің бастығы А. Шойтымов, сондай-ақ кадрларды оқыту және даярлау бөлімінің бастығы А.Тасанбаева қатысты.
Кездесу барысында компания мамандары студенттерге зауыттың негізгі жұмыс үдерістерін, мұнай өнімдерін өңдеу тізбегін, заманауи қауіпсіздік стандарттарын және цифрландыру бағытында енгізіліп жатқан жаңашылдықтарды таныстырды. Студенттер теориялық білімдерін нақты жағдайда бекітуге мүмкіндік беретін дуалды оқыту бағдарламасының тиімділігін өз көздерімен көрді. Іс-шара аясында инженер-технологтар, шеберлер, еңбек қауіпсіздігі мамандары студенттерге шеберлік сабағын өткізіп, өндірістік процестегі ең маңызды қадамдардың бірқатарын көрсетті. Атап айтқанда: мұнайды алғашқы өңдеу қондырғыларының жұмысы; өнім сапасын зертханалық бақылау кезеңдері; өндірістік автоматтандыру жүйелерінің мүмкіндіктері; апаттық жағдайлардың алдын алу және қауіпсіздік талаптары. Студенттер үшін бұл – тек ақпарат алу ғана емес, сонымен бірге тәжірибелі мамандармен тікелей сұхбаттасып, қызықтырған сауалдарын қоюға мүмкіндік беретін маңызды алаң болды.
Басқосу барысында оқу үдерісін ұйымдастыру, өндірістік тәжірибе және болашақта жұмысқа орналасу мәселелері де талқыланды. Кәсіпорын өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, жас мамандарға қойылатын талаптар туралы айтып, дуалды білім беру жүйесінің кадр даярлаудағы тиімді үлгі екенін атап өтті.
Студенттер белсенділік танытып, сұрақтар қойып, кәсіби даму мүмкіндіктері мен зауытты жаңғырту жобаларына қатысуға қызығушылық білдірді. Кездесу жылы әрі мазмұнды атмосферада өтті, бұл өндіріс пен өңірдегі білім беру мекемелері арасындағы байланысты нығайту жолындағы тағы бір маңызды қадам болды.
«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС өкілдері кадр даярлау ісінде дуалды жүйенің маңызын атап өтті. Кәсіпорын жыл сайын бірнеше колледжбен бірлесіп, жастарды өндірістік тәжірибеден өткізіп, үздік студенттерді кейін жұмысқа орналастыруды дәстүрге айналдырған.
Компания басшылығының айтуынша, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, жоғары білікті кадрларды даярлау – бүгінгі экономиканың басты талабы. Осы мақсатта кәсіпорын оқу орындарымен әріптестікті одан әрі кеңейтіп, жаңа білім беру жобаларын іске асыруды жоспарлап отыр.
Іс-шара соңында студенттер өндіріс орнын аралап, өздері оқып жүрген мамандықтардың нақты жұмыс жағдайында қалай қолданылатынын көріп шықты. Көптеген жас білім алушылар мұнай өңдеу саласына қызығушылық танытып, еңбек нарығында сұранысқа ие маман болуға деген ынталарын жеткізді.
Айта кетейік, дуальды оқытуды дамыту – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі басым бағыттардың бірі. Бүгінде мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алған колледж түлектерінің 70%-дан астамы оқуын тәмамдаған соң бірден өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. «Жұмысшы мамандықтары жылы» және техникалық-кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау аясында 2027 жылға қарай дуальды жүйемен оқитын студенттердің үлесі 50%-ға дейін өседі. 2025–2026 оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында дуальды оқумен қамтылған студенттер саны 135 мыңға жетеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27 мыңға көп екенін айтады ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Дуальды оқыту теориялық дайындықты тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Оқу уақытының 60%-ын студенттер тікелей өндірісте өткізіп, сұранысқа ие мамандықтарды іс жүзінде меңгереді. Бүгінде бұл жүйеге еліміздегі 552 колледжде 18 мыңнан астам кәсіпорын қатысуда. Олардың қатарында машина жасау, құрылыс, энергетика, IT және сервис саласындағы ірі компаниялар бар. Мұндай ынтымақтастық форматы студенттерге тәжірибелік машық береді, ал жұмыс берушілер үшін – өндірістің нақты сұранысына сай білікті кадрлар даярлауды қамтамасыз етеді.
