Заң талаптарын бұзған нысандар жауапқа тартылды

image.png

2025 жылдың 11 айында Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы саласы бойынша басқармаға құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталатыны туралы 1909 хабарлама келіп түсті. Оның 1309-ы басқарма реестрінде тіркеліп, 600-і қабылданбады.  Сонымен қатар, нысандарды пайдалануға қабылдау актілеріне қатысты 1721 өтініш қаралып, тек 642-сі ғана мақұлданған. Қалған 1079 өтініш заң талаптарына сәйкес келмегендіктен кері қайтарылған. Сондай-ақ, қала аумағындағы заңсыз құрылыстарға қатысты 125 құрылыс нысаны бойынша 369 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Шымкент қаласында 2025 жылдың 11 айында сәулет және қала құрылысы, инспекциялау, лицензиялау, аттестаттау, нысандарды бақылау, сондай-ақ газды пайдалану жүйелері мен жабдықтарына қадағалау салаларында атқарылған жұмыстар мен негізгі көрсеткіштер » тақырыбында өткен  баспасөз конференциясында  Шымкент қаласының қалалық ортаның сапасы мен бақылау басқармасының басшысы  Мерлан Керімжанов мәлімдеді. 

Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тарапынан қала аумағындағы құрылыс-монтаждау жұмыстарына жүргізілген мониторинг нәтижесінде 185 құрылыс нысаны анықталды. Оның ішінде 83 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары туралы хабарламасы басқарма реестрінде тіркелген. Тиісті құжаттарды толық рәсімдемей жүргізіліп жатқан 102 құрылыс нысаны анықталып, олардың 41-і бойынша тиісті шаралар қолданылды. Қалған 61 нысан бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Лицензиялау және аттестаттау бағытында да бақылау күшейген. 11 айда құрылыс саласына қатысты 479 лицензиялық өтініш түскен. Нәтижесінде 40 лицензия беріліп, 181-і қайта рәсімделген, ал 61 өтінішке бас тартылып, 197 өтініш кері қайтарылған. Бұған қоса, 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айлары аралығында 196 сарапшыға аттестат берілген.

Әкімшілік бақылау нәтижесінде 178 құрылыс нысаны бойынша 422 құқық бұзушылық анықталып, жалпы сомасы 102,3 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Оның 80,5 млн теңгесі өндірілген. Айыппұлдардың басым бөлігі заңсыз құрылысқа қатысты. Атап айтқанда, 125 нысан бойынша 369 хаттама толтырылып, 70,7 млн теңге айыппұл салынған.

Аудандар бойынша алғанда, құқық бұзушылықтар Абай, Әл-Фараби, Тұран және өзге де аудандарда тіркелген. Сонымен қатар, құрылыс сапасына байланысты 38 нысанға, ал үлестік қатысу туралы заң талаптарын бұзған 15 тұрғын үй кешеніне қатысты істер сотқа жолданып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Мониторинг барысында қала аумағында 185 құрылыс нысанында заң бұзушылық анықталған. Оның ішінде 102 нысан қажетті құжаттарсыз құрылыс жүргізген. Қазіргі таңда олардың бір бөлігіне шара қолданылып, қалған нысандар бойынша тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұдан бөлек, басқарма тарапынан 25 құрылыс нысаны бойынша сотқа талап арыз жолданып, оның 11-і қанағаттандырылған. Сот шешімімен Әл-Фараби, Абай және Еңбекші аудандарында орналасқан бірқатар заңсыз құрылыс нысандары толықтай бұзылған.

Қабылданып жатқан шаралар қаланың сәулеттік келбетін сақтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құрылыс саласындағы тәртіпті күшейтуге бағытталған. 

Шымкент қаласында тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету бағытында тұрғын үй және газ техникалық инспекция саласында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы мен Шымкент қалалық газ техникалық қызметі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бірлескен іс-шаралары газ қауіпсіздігін сақтау, тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру және лифт шаруашылығын бақылауды күшейтуге бағытталған.

Газбен байланысты оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында қала тұрғындары арасында кең көлемді түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы бұл бағытта 90 насихаттық іс-шара, 115 брифинг, мақала және әлеуметтік желідегі жарияланым, сондай-ақ 42 жиналыс пен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, тұрғындарға 190 мың дана жадынама таратылған. Ақпараттық материалдар бұқаралық ақпарат құралдары мен Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінде тұрақты түрде жарияланып келеді.

Сонымен қатар, газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар да күшейтілген. 2025 жылы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 306-бабы бойынша 103 жеке тұлға, ал 305-бап бойынша 18 заңды тұлға жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 1,9 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Қалада орын алған газдан улану фактілеріне талдау жүргізіліп, қауіпті және тәуекел аймақтары белгіленген. Нәтижесінде, газ техникалық қызмет мамандары 190 мың үйді аралап, тексеру барысында 2835 ақау анықтады. Оның 601-і жойылып, қалған 2234 үйде жұмыстар жалғасуда.

Тұрғын үй инспекциясы саласында да маңызды өзгерістер бар. Қала аумағында 2595 көпқабатты тұрғын үй тіркелген. Оның ішінде 1587 үй басқару нысанын таңдауға міндетті. Қазіргі таңда 138 мүлік иелері бірлестігі және 374 тікелей бірлесіп басқару нысаны құрылғанымен, 1075 үй әлі де басқару формасын анықтамаған. Осыған байланысты жергілікті атқарушы орган тұрғындармен кездесулер өткізіп, заңнамалық өзгерістерді түсіндіру жұмыстарын күшейтуде.

Лифт қауіпсіздігі де басқарманың тұрақты бақылауында. Қалада барлығы 1370 лифт жұмыс істейді. 2025 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 27 лифтіні ауыстыруға бюджеттен қаражат бөлініп, қазіргі таңда зауыттардан жаңа лифтілерге тапсырыс берілген. Сонымен қатар, 2026 жылы тағы 23 лифтіні жаңарту жоспарланып отыр.

Лифт шаруашылығына жауапты мекемелердің жұмысын жедел үйлестіру мақсатында олар «Айкөмек 109» бірыңғай байланыс орталығымен интеграцияланған. Жыл басынан бері тұрғындардан лифт жұмысына қатысты 743 шағым түсіп, оның 739-ы шешімін тапқан, ал қалған өтініштер бақылауда.

Атқарылып жатқан бұл шаралар қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы тәртіпті күшейтуге бағытталған.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Үздік медицина қызметкерлері марапатталды
  • «Жұмысшы мамандықтары жылы» қорытындыланып, үздіктер марапатталды
  • Газ техникалық қызметіндегі жұмысшыларға құрмет көрсетілді
  • Шымкент тұрғындарының жайлылығы жолындағы адал еңбек
  • Заң талаптарын бұзған нысандар жауапқа тартылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер