
Шымкент қаласының тұрғындарын жылумен үздіксіз қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды сала. Осы бағытта адал еңбек етіп жүрген мамандардың бірі – жылу жүйелері саласында 8 жылдық еңбек өтілі бар слесарь Әбілдабеков Нұрмаханбет . Ол қаладағы жылу желілерінің тұрақты жұмыс істеуіне күн сайын өз үлесін қосып келеді.
Маманның негізгі міндетіне жылу құбырларын жөндеу, тозған бөлшектерді ауыстыру, апатты жағдайлардың алдын алу және жылыту маусымында жүйелердің үздіксіз жұмысын бақылау кіреді. Қыстың суық күндерінде тәулік уақытына қарамастан шақыртуға шығу – бұл мамандықтың басты ерекшелігі. Себебі бір ғана ақау жүздеген тұрғынның тұрмысына әсер етуі мүмкін. 8 жылдық тәжірибе слесарьға кез келген техникалық мәселені жедел әрі сапалы шешуге мүмкіндік береді. Ол өз жұмысында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, заманауи құрал-жабдықтарды тиімді қолданады.
Нұрмаханбет Билманұлы 2010–2013 жылдары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті колледжін «электрмен қамтамасыздандыру» мамандығы бойынша тәмамдаған. Алған білімін тәжірибемен ұштастыра отырып, ол 2008–2015 жылдары «3-Энергоорталық» АҚ-да жылыту жүйесіне қызмет көрсету саласында еңбек етті. Бұл кезеңде 3-дәрежелі слесарь, жылу желілерінің қондырғыларын жөндеу бойынша слесарь, сондай-ақ сорғы қондырғыларының 3-дәрежелі машинисі лауазымдарын атқарды.
2017 жылдан бері қазіргі уақытқа дейін «Қуатжылуорталық-3» МКК-да реттеу бөлімінің жылу бекеттеріне қызмет көрсетуші 4-дәрежелі слесарь қызметін абыроймен атқарып келеді. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, техникалық білімі жоғары маман ретінде ұжым арасында беделге ие. Қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, жауапкершілікпен еңбек етуі – оның басты ұстанымы. Осындай адал еңбектің нәтижесінде Шымкент қаласының жылумен қамту жүйесінің сенімді жұмыс істеуіне елеулі үлес қосып келеді.
Қаланың жылу жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуде Нұрмаханбет Билманұлының еңбегі зор.
Слесарь мамандығы – көзге көрінбейтін, бірақ қоғам үшін аса қажет еңбек. Жылу жүйелері саласында еңбек етіп жүрген мұндай мамандардың арқасында Шымкент қаласының тұрғындары қыс мезгілінде үйлерінде жылу мен жайлылықты сезінеді. Бұл – шынайы еңбек адамының қаланың дамуына қосқан нақты үлесі.
