
Қоғам алдындағы жауапкершілікті сезініп, жаңа өмірге қадам басу – жазасын өтеуші әрбір азамат үшін маңызды кезең. Бұл жолда олардың рухани дүниесін байыту, мәдени орта қалыптастыру және тәрбиелік жұмысты жүйелі түрде жүргізу – пробация қызметі мен тиісті мекемелердің негізгі міндеттерінің бірі. Мұндай жұмыс тек құқықтық бақылаумен шектелмей, адам тағдырын түзетуге бағытталған кешенді іс-шаралар арқылы іске асады.
Сотталған азаматтар көбіне өмірлік қиындықтармен күресу барысында психологиялық күйзеліске, үмітсіздікке тап болуы мүмкін. Осы ретте рухани қолдаудың маңызы зор. Психологтармен кеңес, мотивациялық тренингтер, жеке әңгімелесу сессиялары – адамның ішкі жан дүниесін қалпына келтіруге ықпал ететін шаралар. Сонымен қатар діни бірлестіктермен жүргізілетін алдын алу кездесулері, имамдар мен теологтардың дәрістері сотталғандардың сана-сезімін дұрыс бағытқа бағыттап, ар-ождан құндылықтарын нығайтады.
Мәдени-ағартушылық іс-шаралар жазасын өтеушілердің бос уақытын тиімді өткізуіне және өзін-өзі дамытуды өмір салтына айналдыруына жол ашады. Кітап оқу клубтары, театрландырылған қойылымдар көрсету, көркем фильмдер бойынша пікірталас ұйымдастыру – олардың ой-өрісін кеңейтіп, мәдени талғамын қалыптастырады. Сонымен бірге қолөнер, сурет салу, домбыра үйірмелері сынды шығармашылық бағыттағы жұмыстар адамның қабілетін ашып, позитивті орта қалыптастыруға ықпал етеді. Осындай іс-шаралардың арқасында көптеген азаматтар өз бойындағы жаңа мүмкіндіктерді танып, өзін қайта тануға мүмкіндік алады.
Осы орайда Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №53 мекемесінде қала әкімдігі мен мәдениет басқармасының қолдауымен кең көлемді мәдени іс-шара өтті.
Іс-шараның мақсаты - соталған азаматтардың рухани жағдайын көтеру, мәдени орта қалыптастыру және тәрбиелік жұмысты күшейту.
Бағдарлама аясында қалалық әкімдік шақырған өнерпаздар музыкалық, вокалдық және сахналық номерлер ұсынды. Өнер иелері өздерінің кәсіби шеберлігін көрсетіп, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар «Шаншар» театрының танымал актері Жүсіп Ақшораевтың арнайы келіп, өнер көрсетуі іс-шараның маңызды бөлігі болды. Оның әзілдері, өмірлік кеңестері және жүрекке жылы сөздері көрермендердің ықыласына бөленді.
Концерт өте жылы, достық атмосферада өтті. Мекеме басшылығы мұндай мәдени шаралар осуждёндердің рухани қолдауына ықпал етіп, олардың қоғамға оң көзқараспен бейімделуіне мүмкіндік беретінін атап өтті.
Іс-шара соңында алғыс айтылып, барлық қатысушыларға игілік, тыныштық және мейірім тілектері жолданды.
Рухани, мәдени және тәрбиелік бағыттағы барлық іс-шаралардың түпкі мақсаты – жазасын өтеушілердің адам ретінде қалыптасуына, өз орнын табуына, қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау. Бұл жұмыстар олардың өз-өзіне деген сенімін нығайтып қана қоймай, жаңа өмірге деген үмітін оятады.
Қоғамға бейімделген, мәдениетті, рухани бай азамат – елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығының кепілі. Сондықтан сотталған азаматтардың рухани жағдайын көтеру, мәдени орта қалыптастыру және тәрбиелік жұмысты күшейту – бүгінгі күннің өзекті міндеті әрі пробация қызметі мен әлеуметтік құрылымдардың маңызды миссиясы болып қала береді.
