
Қаланың қалыпты өмірі – үздіксіз жұмыс істеп тұрған инженерлік инфрақұрылымға тәуелді. Әсіресе мегаполис саналатын Шымкентте су құбыры мен канализация желілерінің үздіксіз қызметі – тұрғындардың тұрмыс сапасының басты көрсеткіші. Осы жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуде «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының апатты қалпына келтіру учаскесінің слесарлері айрықша рөл атқарады. Су құбыры желісіндегі ақау, құбыр жарылуы немесе кәріз жүйесіндегі тосқауыл – тұрғындарға қолайсыздық тудыратын төтенше жағдайлар. Осындай сәтте ең алдымен оқиға орнына жететін мамандар – апатты қалпына келтіру слесарлері. Олар тәуліктің кез келген уақытында, ауа райына қарамастан, мегаполистің су қауіпсіздігі үшін жұмыс істейді.
Қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін білек сыбана еңбек етіп жүрген жанның бірі, өз ісіне адалдық пен жауапкершілікті серік еткен, тәжірибелі маман — Тұрғанбаев Алмат бүгінде апатты қалпына келтіру учаскесінің білікті слесарі ретінде ұжым арасында зор құрметке ие.
Алмат Егемқұлұлы 1989 жылдың 13 қазанында Өзбекстан Республикасы, Науаи облысы, Үштөбе ауылында дүниеге келген.
2008 жылы Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университетіне оқуға түсіп, 2011 жылы аталған оқу орнын «Қаржы» мамандығы бойынша тәмамдады.
Білімін аяқтаған соң еңбек жолын жеке кәсіпкерлік саласында бастап, «А.Т.Е» жеке кәсіпорнын ашып, сауда және сантехникалық қызметтер көрсетумен, құрылыс жұмыстарымен айналысты.
Кейін түрлі мекемелерде еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтады:
2012–2015 жж. – Алматы қаласында «МУР-ТАЗ» ЖШС-де;
2016–2018 жж. – Шымкент қаласындағы «Стандард Сити» компаниясында;
2018–2019 жж. – «Шымкент газ монтаждау» мекемесінде;
2019–2021 жж. – Қарағанды–Теміртау қалаларында «Ki-Bay» ЖШС-де жұмыс істеді.
2024 жылдың 16 мамырынан бастап Шымкент қаласының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында апатты қалпына келтіру учаскесінің слесарі болып еңбек етуде.
Күнделікті жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын Алмат Егемқұлұлы әр істі сапалы әрі тиянақты орындауға тырысады. Іскерлігімен, еңбекқор мінезімен және сабырлылығымен ерекшеленіп, ұжым арасында сенімді қызметкер ретінде танылған.
Кейіпкеріміз отбасында — сүйікті жар, үлгілі әке. 1996 жылы Төлеби ауданының тумасы Әбіхан Әйгеріммен отбасын құрып, бүгінде үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп отыр.
Алмат Егемқұлұлы — адал еңбегімен абырой биігіне көтерілген, кәсібіне берілген азамат. Оның еңбек жолы — табандылықтың, ізденіс пен жауапкершіліктің айқын үлгісі.
Көп жағдайда слесарлар тар шұңқырларға түсіп, ауыр техникамен бірге жұмыс істеп, қауіпті жағдайда құбырларды қалпына келтіреді. Бұл – көпшілік көре бермейтін, бірақ қала тіршілігі үшін ең маңызды жұмыстардың бірі. Слесарь – қарапайым мамандық болып көрінгенімен, оның артында үлкен жауапкершілік, өмірлік маңызы бар міндеттер тұрады. Қаладағы жүздеген мың адамның сапалы ауыз суға қол жеткізуі, кәріз жүйесінің қауіпсіз жұмыс істеуі – осы мамандардың табанды еңбегінің нәтижесі. Олар – қаланы «тірілтіп» тұратын, тұрғындарға жайлылық пен қауіпсіздік сыйлайтын нағыз еңбек адамдары.
