
Шымкент сияқты ірі мегаполисте су құбыры мен кәріз жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуі – күнделікті тіршіліктің ең маңызды бөлігі. Осы инфрақұрылымның қалыпты қызметін қамтамасыз ету жолында «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының апатты қалпына келтіру учаскесінің слесарлері тәуліктің кез келген уақытында дайындық үстінде жүреді.
Олардың еңбегі көпшілікке байқала бермесе де, қаладағы ауыз су жүйесінің тұрақтылығы, кәріз желілерінің қауіпсіздігі және мыңдаған тұрғынның жайлы өмірі осы мамандардың кәсібилігіне тікелей байланысты.
Апатты жағдайлар көбіне күтпеген сәтте орын алады — құбыр жарылуы, қысымның төмендеуі, желінің бітелуі немесе істен шығуы. Мұндайда бірінші болып көмекке келетіндер – апатты қалпына келтіру бригадасының слесарлері.
Жас та болса, өз ісіне адалдығымен, жауапкершілігімен және еңбекқор мінезімен танылған Бердияр Нұрдаулет бүгінде апатты қалпына келтіру учаскесінің сенімді слесарі ретінде ұжым құрметіне ие.
Нұрдаулет Төреханұлы 1996 жылдың 26 шілдесінде Шымкент қаласының Ақжар шағын ауданында дүниеге келген. 2003–2014 жылдары №122 Ақжар жалпы орта мектебінде білім алып, жасынан еңбекқорлық пен тәртіптілікті бойына сіңіріп өсті.
Мектептен кейін Отан алдындағы борышын өтеу мақсатында 2014–2015 жылдары Жаркент қаласындағы 2091 әскери бөлімде әскери қызметін абыроймен атқарды.
2016 жылдан бастап ҚР ІІМ ТЖҚ ОҚО ТЖД №4 МӨСБ-де өрт сөндіруші болып еңбек жолын жалғастырды. Бұл қызметінде ол батылдық пен ерлікке бейім екенін дәлелдеп, төтенше жағдайларда талай адамның өмірі мен мүлкін қорғауға үлес қосты.
2022 жылы өз еркімен жұмыстан шыққан соң, жаңа салада өзін сынап көріп, қазіргі таңда «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК-да апатты қалпына келтіру жұмыстары учаскесінің слесарі болып еңбек етуде.
Қызметіне бар ынтасымен берілген ол, қиындыққа мойымай, әр істі сапалы орындауға тырысады. Әріптестері арасында еңбекқорлығы мен сабырлылығымен ерекшеленіп, ұжымның сенімді мүшесіне айналған.
Нұрдаулет Төреханұлы — еңбекқор жастың жарқын үлгісі. Оның өмір жолы — табандылық пен жауапкершіліктің, кәсіби адалдық пен азаматтық борыштың айқын көрінісі.
Слесарь мамандығы көп жағдайда сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның артында үлкен жауапкершілік жатыр. Қаладағы инженерлік жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуі – осы мамандардың табанды еңбегінің нәтижесі.
Апатты қалпына келтіру слесарлері – қаланың тіршілік тамырын ұстап тұрған шынайы еңбек адамдары. Олар – өз ісіне адал, қала тұрғындарының игілігі үшін қызмет ететін кәсіби мамандар.
