
Цифрлық технологиялар күнделікті өмірдің барлық саласына еніп, онлайн банкинг, әлеуметтік желі, электронды сауда секілді қызмет түрлері кеңінен қолданылуда. Дегенмен интернеттің дамуына ілесе, киберқылмыстар саны да артып келеді. Қаржылық шығынға ұшырату, жеке деректерді ұрлау, жалған ақпарат тарату – кибералаяқтықтың кең таралған түрлері. Сондықтан қоғам үшін онлайн қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, өз деректерін қорғау және заң алдында жауапкершілікті түсіну аса маңызды.
Осы орайда, Шымкент қаласында «Кибералаяқтық: алдын алу, қорғау, жауапкершілік» атты республикалық форум өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға 1500-ден астам адам қатысты. Форум Шымкент қаласы полиция департаментінің бастамасымен өтті.
Іс-шарада алдымен ІТ-жабдықтар мен робототехника көрмесі ұсынылса, кейін алаяқтардың әрекетін сахна арқылы бейнелеген театрландырылған қойылым қойылды. Бұл қойылымдар азаматтардың алаяқтарға алданбауына үндеу тастауды көздеді. Форумда қала әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманбек Сахов өңірдегі алаяқтықпен күрес шаралары туралы баяндады. Сондай-ақ, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Аслан Ускембаев, қала прокурорының орынбасары Марат Ержан, «Digital Road» IT-индустрия қауымдастығының өкілі Сейдулла Исмаилов форум қатысушыларына алаяқтықтың алдын алу тәсілдері мен тың мәліметтер ұсынды.
Полиция департаментінің дерегінше, жыл басынан бері Шымкент қаласында 672 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелген. Сонымен қатар, TikTok арқылы жалған тауар сату бойынша 13 фактіге қатысы бар екі азамат ұсталып, қамауға алынған. Банк қызметкері ретінде өзін таныстырып, алаяқтарға көмектескен 3 азамат анықталып, олардың әрекеті нәтижесінде жәбірленушілерге 43 миллион теңге шығын келгені белгілі болды. 12 іске қатысты алаяқтар жәбірленушілердің ақшасын шетелдік банктерге шығарып үлгерген. Антифрод орталығы қаржы мекемелерімен өзара тығыз іс-қимыл жүргізілген. Нәтижесінде күдік тудырған 1964 есепшот бұғаттауға ұсынылып, нәтижесінде 81 млн теңгенің 46,9 млн теңгесі иелеріне қайтарылған.
Кибералаяқтық – ақпараттық технологияларды қолдана отырып, азаматтардың жеке мәліметтерін, қаржысын немесе цифрлық активтерін заңсыз иемдену мақсатында жасалатын қылмыс. Кибералаяқтық – тек бір адамның емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне әсер ететін күрделі құбылыс. Заманауи технологиялардың дамуы қылмыскерлерге жаңа мүмкіндіктер беріп отырғанымен, дер кезінде сақтанып, цифрлық сауаттылықты арттыру арқылы кез келген қауіптің алдын алуға болады.
Әр азамат өзінің цифрлық кеңістігін қорғауға міндетті: ақпаратты тексеру, жеке деректерді құпия сақтау, күмәнді әрекетке жол бермеу – онлайн қауіпсіздіктің басты кепілі.
