Шымкентте аппараттық мәжілісте әлеуметтік-экономикалық мәселелер қаралды

image.png

      Шымкент – елдегі ең жылдам өсіп келе жатқан қалалардың бірі. Елдің үшінші ірі қаласы ретінде ол өңірлік экономиканың жетекші драйверіне, инвестициялар мен еңбек ресурстары тоғысатын аймақтық орталыққа айналды. Соңғы жылдары қаланың экономикалық өсімі, инфрақұрылымдық жаңаруы және әлеуметтік саладағы оң өзгерістер мегаполистің жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетеді. Шымкент – өндірістік базасы мықты, өнеркәсібі әртараптандырылған қала. Қала экономикасының негізгі тіректері – химия, мұнай өңдеу, металлургия, машина жасау, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп. Қалаға отандық және шетелдік инвестиция көлемі жыл сайын өсуде. Шымкенттің географиялық орналасуы – Өзбекстанмен шекаралас, халықаралық көлік дәліздерінің қиылысында орналасуы – логистика саласының дамуына ерекше ықпал етіп отыр.  Шаһардың басты стратегиялық бағыттарының бірі – халықтың өмір сапасын жақсарту.

     Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Жиын барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2025 жылғы 10 айдағы қорытындысы, жоспарлы көрсеткіштердің жыл соңына дейін орындалу болжамы, тұрғындарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жұмылдыру шаралары, сонымен қатар, цифрлық жобалар мен digital-шешімдерді жүзеге асыру нәтижелері қаралды.

     Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараевтың айтуынша, қала дамуының тұрақты динамикасы сақталып отыр, 10 айда қысқа мерзімді экономикалық өсім 14,8 пайызды құрады.

     Оң нәтижелер сауда саласында (+24,6%), өндірісте (+14,57%), құрылыста (+7%), инвестицияда (+4,7%) және тұрғын үйлерді пайдалануға беруде (+0,4%) байқалады. Жыл қорытындысы бойынша өндірісте, құрылыста, инвестицияда, сауда-саттықта және ауыл шаруашылығында көрсеткіштер өседі деп күтілуде.

     Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Қалыбековтың мәліметінше, қала аумағында амбулаториялық медициналық көмекті 59 мекеме көрсетеді: 14 мемлекеттік және 45 жекеменшік емхана.

     Жергілікті медициналық ұйымдарда 1 276 000 тұрғын тіркелген, олардың ішінде 1 миллионнан астам тұрғын МӘМС жүйесінде тіркеулі. Жыл басынан бері МӘМС филиалы медициналық ұйымдармен келісім жасады. Барлық ұйымға жыл басынан бері және қыркүйек айында қаржы толық аударылған, берешек жоқ.

     «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәуле Дүйсенбаева мекеме тарапынан тұрғындардың сақтандырылу статусына тұрақты мониторинг жүргізілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, емханаларда, мектептерде, әлеуметтік мекемелерде, базарлар мен кәсіпорындарда түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ондағы басты мақсат – қала тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету.

    Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов қалада 24 цифрлық жоба жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Оның ішінде 6 жоба – жасанды интеллектінің қатысуымен. Негізгі бастамалардың арасында "RoboPark.kz" қосымша білім беру орталығы бар, онда 185 оқушы роботтехника және Python негіздерін тегін үйренуде.

    Жасанды интеллектінің қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жобалар: дәрігерлер нақты диагноз қоятын "PULS AI", КТ-суреттерден инсультті анықтауға арналған "Cerebra Al", мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған "Protector Al" және құбырдағы жылу жүйесін тексеруге арналған "Art code" жобалары. Сонымен қатар, телекоммуникация және ақпараттық қауіпсіздік салаларын дамыту барысы да баяндалды.

     Жиын қорытындысы бойынша қала әкімі экономика, денсаулық сақтау және цифрландыру салаларын одан әрі дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді.

      Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы – кешенді әрі стратегиялық бағытта жүргізіліп жатқан үдеріс. Өнеркәсіп пен шағын бизнес, құрылыс пен инфрақұрылым, білім мен медицина, цифрландыру мен экология салаларындағы оң өзгерістер мегаполистің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

     Халық саны қарқынды өсіп отырған қала үшін тұрақты даму, сапалы инфрақұрылым және қолжетімді әлеуметтік қызметтер – басты басымдықтар. Шымкенттің бүгінгі серпіні оның алдағы жылдары еліміздің ең дамыған, ең қолайлы қалаларының біріне айналатынын дәлелдейді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Көрінбейтін, бірақ аса жауапты қызметтің иесі
  • 26,7 тыс. человек получили дополнительную поддержку с применением скоринговой модели
  • Өнер және білім саласында жасанды интеллектті қолданудың өзекті мәселелері талқыланды
  • Юнисеф жастарының хабы ашылды
  • Еңбекші ауданында цифрлық қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстары өтті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер