
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ауласы бүгін ерекше қарбаласқа толы болды. Дүниежүзілік балалар күніне орай мұнда елдегі алғашқы «ЮНИСЕФ Жастары» жастар хабы ресми түрде жұмысын бастады.
Бұл хаб — жастарға білім алуға, әлеуметтік бастамаларды іске асыруға, волонтерлік жобаларға қатысуға және медиаконтент жасауға мүмкіндік беретін тұрақты алаң. Жастар қазірдің өзінде әлеуметтік жобаларға белсене араласып, қаланың дамуына үлес қосуда. Олар волонтерлік және қоғамдық ұйымдармен, сондай-ақ қалалық Жастар ресурстық орталығымен тығыз байланыс орнатып, белсенділігімен ерекшеленіп жүр.
Университет ғимаратына кіреберісте жиналған жастардың қуанышты қозғалысы, еріктілердің тіркеу үстеліндегі қызу дайындық — бәрі жаңа орталықтың өңірде үлкен серпін беретінін аңғартқандай.
Салтанатты шара басталар алдында алаңды үнсіздік басты. Жетісай ауданында қайтыс болған 9 балаға арналға бір минуттық үнсіздікке жүздеген қатысушы тік тұрып тағзым етті. Көңілге ауыр тиген бұл сәт хабтың басты миссиясы, балалардың қауіпсіздігін қорғау екенін айқындай түсті.
Бірінші болып ОҚПУ ректорының міндетін атқарушы Жанбол Жилбаев көтерілді. Ол хабтың жастар мен университет үшін маңызын атап өтті. Одан кейін мінберге ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар шығып, Шымкентте еліміздегі алғашқы хабтың ашылғанымен құттықтап, халықаралық ұйымның өңір жастарына сенім білдіретінін жеткізді.
Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2026 жылды Еріктілердің халықаралық жылы деп жариялау туралы резолюцияны қабылдады. Бұл - еліміздің еріктілікті дамытуға жаһандық деңгейде қосқан елеулі үлесі.
Жастар құқықтары жөніндегі комиссия мүшесі Аружан Әлжан да жастардың қоғамдық белсенділігін арттырудағы хабтың рөліне тоқталды.
«Осы оқу орнының студенттері еріктілер қатарына қосылып жатса – нұр үстіне нұр. Себебі педагогтардың ерікті болуы жастар санасында осы мәдениетті қалыптастыруға әсер етеді. ЮНИСЕФ еріктілері Шымкенттегі қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып жүр»,- дейді ол.
Жастарға арналған жаңа орталықтың нақты бағыттары сахнадағы презентациялар барысында айқындалды. ЮНИСЕФ-тің жастарды тарту жөніндегі маманы Ерсаин Қабдрашев жаңа ұлттық бағдарламаның мазмұнын таныстырып, «ЮНИСЕФ Жастары» желілері біріктіретін сандық платформалар мен өңірлік хабтардың байланыс жүйесін түсіндірді.
Ал Шымкент бойынша үйлестіруші Данара Саранова бұрыннан іске асып жүрген жобалар туралы айтып, 600-ден астам жас осы бағдарлама арқылы білім алып, нақты әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жатқанын хабарлады. Шараның мазмұнын тереңдеткен Шымкенттің экс-омбудсмені, құқық қорғаушы Жаннета Жазықбаева. “Балаларға қауіпсіз орта құру — тек мемлекеттің міндеті емес, әрбір жастың жауапкершілігі” деген ол буллингтің алдын алу, интернеттегі қауіпсіздікті күшейту, құрдастар арасындағы мейірімділікті насихаттау жолдары туралы айтты.
Университет пен ЮНИСЕФ Қазақстан арасындағы меморандумға екі тараптың ресми өкілдері қол қойды. Бұл — еріктілер дайындаудан бастап, жобалар әзірлеу мен бала құқықтарын қорғауға дейінгі кең ауқымдағы жұмыстардың басталуын білдіреді. Жас еріктілер, студенттер, қолына дәптер-қарындаш ұстаған белсенділер арнайы бөлмелерді аралап, болашақта өтетін тренингтер, жобалар, шеберлік сабақтары туралы ақпарат алды.
Кеш соңында ЮНИСЕФ Жастар кеңесі ұйымдастырған «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалдық ойыны өтті. Балалар құқықтары мен еріктілік тақырыптарын арқау еткен бұл сайыс жылдам ойлайтын, білімді жастардың басын қосты. Шымкент қаласында ашылған бұл орталық тек бір ғимарат емес, аймақ жастарының дамуына бағытталған үлкен бастама. Енді Шымкент, Түркістан, Тараз және Қызылорда жастары ортақ платформада бас қосып, жаңа жобалар әзірлей алады.
Өңір жастарының «бірінші хабы» атанған Шымкент орталығы алдағы уақытта Қазақстандағы қалған 5 хабтың үлгілік моделі болмақ. Шымкентте бастау алған «ЮНИСЕФ Жастары» хабы — балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа толқынның алғашқы қадамы. Ал бұл қадамды жасаған — дәл осы өңірдің жалынды жастары.
Бұл жоба 16 жастан — 35 жасқа дейінгі жастарға ерікті болуға, жаңа дағдыларды меңгеруге және әлеуметтік бастамаларды дамытуға мүмкіндік береді.ЮНИСЕФ Жастар хабтары бұған дейін еліміздің бірнеше өңірінде ашылған болатын. Ал Шымкентте мұндай жоба алғаш рет қолға алынып отыр.
Қор өкілдерінің айтуынша, алғашқы хабты ашу үшін Шымкент тектен-тек таңдалмаған. Қазақстанда жастардың (14-34 жас) үлесі жалпы халықтың шамамен 28%-ын құрайтын болса, Шымкентте халықтың орташа жасы 27,8 жасқа тең. Бұл – ел бойынша ең төменгі көрсеткіштердің бірі. "Шымкент – жастар әлеуеті айқын қала. Біз осында ЮНИСЕФ-тің алғашқы хабын ашып, жастардың білім алып, дамуына және өз қаласының өміріне үлес қосуына мүмкіндік беретін кеңістік құрғанымызға қуаныштымыз", – деді Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігінің басшысы, доктор Рашед Мұстафа Сарвар.
Хабтың ашылу рәсімінде ЮНИСЕФ пен университет арасында Шымкенттің жас тұрғындарына арналған жаңа кеңістіктің іске қосылуын бекітетін әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.
"Шымкенттегі хабтың ашылуы жастар волонтерлігін дамытуға жаңа серпін береді. Осы күні қатысушылар интерактивті сессияларға, бала құқықтары бойынша квиз-ойынға және әрбір бала үшін қауіпсіз орта құрудағы жастардың рөлін талқылауға қатысып үлгерді. ЮНИСЕФ мұндай кеңістіктер белсенді жастар үшін маңызды тартылыс орталығына айналып, өз қоғамдастығын өзгертуге және балалардың құқықтарын қорғауға дайын жас көшбасшылар буынын қалыптастыруға көмектесетінін атап өтеді. Хаб тек серіктес университеттің студенттеріне ғана емес, сонымен қатар мектеп оқушыларына, басқа жоғары оқу орындарының студенттеріне және жас мамандарға, яғни қаланың 16-35 жас аралығындағы барлық жастарына ашық", – делінген қор таратқан хабарламада.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта жастар хабының желісі кеңейіп,басқа өңірлерде де іске қосылуы жоспарлануда.
