
Қала тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету – әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық дамудың басты көрсеткіштерінің бірі. Осы бағыттағы маңызды шаралардың бірі – бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі. Бұл шара жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді тікелей байланыстыратын тиімді алаң болып табылады. Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесінің негізгі мақсаты – тұрғындарға өз қабілеттеріне сәйкес жұмыс табуға мүмкіндік беру, ал жұмыс берушілерге қажетті мамандарды іздеуді жеңілдету. Сонымен қатар, жәрмеңке арқылы жұмыссыздар кәсіби кеңес алып, жаңа дағдыларды үйрену мүмкіндігіне ие болады.
Шымкент қаласында аудандық мансап орталықтары қалалық прокуратурамен бірлесе апта сайын шағын бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп келеді. Мұндай іс-шаралар негізінен қала орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерде ұйымдастырылып, тұрғындардың қалаға қатынауына кететін уақыт пен шығынды азайтуға бағытталған.
Кезекті жәрмеңке Абай ауданының мансап орталығының ұйымдастыруымен Қайнарбұлақ елді мекеніндегі мәдениет үйінде өтті. Бұл жолғы шараға Қайнарбұлақ маңындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қатысып, жергілікті тұрғындарға 120-дан астам тұрақты бос жұмыс орнын ұсынды.
Жәрмеңке барысында тұрғындар тек жұмыс берушілермен танысып қана қоймай, прокуратура өкілдерінен құқықтық кеңес те алды.
33 жастағы Достық шағынауданының тұрғыны Тоғжан Жүзжасарова шара барысында өз мамандығы бойынша жұмыс тапқанына қуанышты екенін жеткізді.
– Әлеуметтік желі арқылы жәрмеңке өтетіні туралы естіп келдім. Көптен бері «эколог» мамандығым бойынша жұмыс іздеп жүрген едім. Бүгін мансап орталығының көмегімен кәріз суын қайта өңдейтін компанияға жұмысқа орналасатын болдым, – дейді ол.
Ал Қайнарбұлақ саяжайының тұрғыны, көпбалалы ана әрі «Алтын алқа» иегері Нұргүл Әбілқасымова тұрақты және еңбекақысы жоғары жұмыс іздеп келгенін айтты.
– Бос жұмыс орындарының тізімімен танысып шықтым, екі мекеменің ұсынған қызметі көңілімнен шықты. Қазір уақытша жұмыс істеп жүрмін, бірақ тұрақты жұмыс қажет. Сонымен қатар, банк есепшоттарымның бұғатталуына байланысты прокуратура өкілдерінен пайдалы кеңес алдым, – дейді ол.
Жәрмеңкеге 20-ға жуық мекеме қатысып, білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, жылыжай шаруашылығы, мәдениет, туризм және басқа да салалардағы жұмыс орындарын ұсынды.
Жұмыспен қамту шаралары кезінде ашықтық пен адалдық қағидалары басты назарда. Әр қызметкер осы қағидаларды ұстанған кезде, еңбек нарығы әділ әрі тиімді жұмыс істейді. Бұл шаралар жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы сенімді нығайтып, қоғамдық сенім мен тұрақтылықты арттырады.
Іс-шара барысында 60-80-ге жуық азаматқа субсидияланатын жұмыс орындары туралы ақпараттық буклеттер таратылды. Сонымен қатар, 12 азаматқа электронды еңбек биржасы – «Enbek.kz» платформасы жүктеліп, онда жұмыссыз ретінде тіркелу, бос жұмыс орындарын қарау және онлайн оқу мүмкіндіктері бойынша нұсқаулық берілді.
Қазіргі заманда еңбек нарығын дамыту мен жұмыспен қамту мәселесін тиімді шешудің бірі – цифрлық технологияларды пайдалану. Қазақстанда бұл бағыттағы негізгі құралдардың бірі – «Enbek.kz» электронды еңбек биржасы платформасы. Платформа жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер үшін ыңғайлы, ашық әрі сенімді ақпарат алаңын қамтамасыз етеді. «Enbek.kz» платформасының басты мақсаты – еңбек нарығын цифрлық форматта үйлестіру, жұмыс іздеушілерге өзіне лайықты вакансияларды табуға, ал жұмыс берушілерге қажетті мамандарды іздеуді жеңілдетуге мүмкіндік беру. Платформа арқылы тек жұмыс орындары ғана емес, қайта даярлау курстары, тренингтер мен мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат та қолжетімді. «Enbek.kz» электронды еңбек биржасы – еңбек нарығын цифрлық тұрғыда қолдау арқылы жұмыспен қамтуды жеңілдететін, ашық әрі тиімді платформа. Бұл платформа жұмыс іздеушілерге кәсіби тәжірибе алу, тұрақты жұмысқа орналасу және өз дағдыларын жетілдіру мүмкіндігін береді, ал жұмыс берушілерге – қажетті мамандарды уақытылы табуға және кадрлық әлеуетті арттыруға мүмкіндік туғызады.
Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі – жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, жастар мен басқа да топтарды еңбек нарығына тартуға тиімді құрал. Ашықтық пен адалдық қағидаларына сүйене отырып өткізілетін жәрмеңкелер арқылы қала тұрғындары өзіне лайықты жұмыс тауып, кәсіби тәжірибе жинай алады. Мұндай шаралар – қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайтып, экономикалық тұрақтылыққа үлес қосады. Мансап орталыңының мамандары мұндай жәрмеңкелер алдағы уақытта да жалғасын табады дейді.
