Жас мамандардың еңбек жолы «Жастар практикасынан» басталады

image.png

     Қазіргі таңда жастардың еңбек нарығына интеграциясы – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды міндеттердің бірі. Сол бағыттағы тиімді шаралардың бірі – «Жастар практикасы» бағдарламасы. Бұл бағдарлама жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін алу, кәсіби дағдыларын жетілдіру және болашақ мамандыққа қадам жасау мүмкіндігін береді. «Жастар практикасы» бағдарламасы – жас мамандарды жұмыс тәжірибесімен қамтамасыз ету арқылы олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Бағдарламаға қатысатындар мемлекеттік және жеке секторда тәжірибе жинап, кәсіби байланыстар орнатады. Бұл, өз кезегінде, жастардың тұрақты жұмыспен қамтылуына жол ашады.

    Шымкент қаласында жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бастамалар нәтижесін беруде. Қазіргі таңда қала бойынша 2 мыңнан астам жас түрлі бағдарламаларда алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап жүр.

Солардың бірі – Малика Мұсаходжаева биыл Шымкент политехникалық колледжін «тоқушы-оператор» мамандығы бойынша тәмамдаған. Оқу орнын аяқтағаннан кейін ол Enbek.kz электронды еңбек биржасында жұмыссыз ретінде тіркеліп, көп ұзамай «Назар Текстиль» кілем фабрикасынан жұмыс ұсынысын алды.

Қазір маман «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында осы кәсіпорында зат белгі операторы болып еңбек етуде.

– Фабрикада мен сияқты жастар көп екен, сондықтан күн сайынғы жұмысымыз көңілді өтеді. Бағдарлама арқылы тәжірибе жинап қана қоймай, еңбегіме жалақы да аламын. Практика мерзімі аяқталған соң осы жерде тұрақты жұмыста қалуды жоспарлап отырмын, – дейді Малика.

«Жастар практикасы» бағдарламасының басты мақсаты да осы – жас түлектерге алғашқы еңбек тәжірибесін жинап, тұрақты жұмыс табуына жағдай жасау.

Бүгінде Шымкент қаласында бұл бағыттағы жұмыс қарқынды жүруде. Мысалы, «Жастар практикасы» жобасымен – 1 682 жас маман, ал «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы аясында 352 маман түрлі мемлекеттік және өнеркәсіптік кәсіпорындарда еңбек етіп жүр.

Бағдарлама қатысушылары өз саласында нақты тәжірибе жинап қана қоймай, болашақ жұмыс берушілер алдында сенімді маман ретінде көрінеді. Көптеген қатысушылар тәжірибеден кейін тұрақты жұмысқа орналасып, өз кәсіби жолын бастайды. Сонымен қатар, бағдарлама жастардың жауапкершілігін, кәсіби этикасын және еңбек мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. «Жастар практикасы» бағдарламасы – жастарды қолдау мен еңбек нарығына интеграциялаудың тиімді жолы. Ол жас мамандарға тәжірибе жинауға, кәсіби дағдыларын дамытуға және тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Мемлекет пен қоғам бірлесіп жүзеге асыратын бұл жоба – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына маңызды үлес қосып отыр.

Жастарды еңбекке бейімдеп, кәсіби дамуына жол ашқан мұндай бастамалар еліміздің еңбек нарығында жаңа буын мамандардың қалыптасуына мықты серпін беріп отыр.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Кәсіпкерлерді қолдау – экономиканың дамуына серпін береді
  • Шымкент - инвесторларға қолайлы қала
  • ҰЛТТЫҚ КИІМ – ҰРПАҚҚА МҰРА
  • Шымкентте жұмыссыз тұрғындар жаңа кәсіп үйреніп жатыр
  • 120-дан астам тұрақты бос жұмыс орындары ұсынылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер