
Жастар – елдің болашағы, экономикалық дамудың басты қозғаушы күші. Сол себептен оларды жұмыспен қамту мәселесі – қоғам үшін стратегиялық маңызға ие. Жұмысқа орналасу жастардың кәсіби тәжірибесін арттырып, өмірлік дағдыларын қалыптастыруға және әлеуметтік тұрғыдан тәуелсіз болуына мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Қазақстанда жастарды жұмыспен қамту бағытында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда. Олардың ішінде «Жастар практикасы» жобасының орны ерекше. Бұл бағдарлама жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін алу, кәсіби дағдыларын жетілдіру және тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін береді. «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жас мамандар мемлекеттік және жеке секторда тәжірибе жинап әрі табыс табуға мүмкіндіктері бар.
Еліміздің экономикалық дамуы мен өндірістік әлеуетінің артуы – білікті мамандардың, әсіресе еңбек нарығына енді қадам басқан жастардың табанды еңбегімен тікелей байланысты. Соңғы жылдары жастардың өндіріс орындарында белсенді еңбекке араласып, өз ісінің шебері болуға ұмтылуы қуантады.
Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл – еліміздің өндіріс саласында тынымсыз еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшыларға, соның ішінде өз жолын енді бастаған жас мамандарға көрсетілген үлкен қолдау мен құрметтің белгісі.
Шымкент қаласында жастарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Солардың бірі –Еңбек мобильділігі орталығының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жастар практикасы» бағдарламасы. Биылғы жылдың өзінде аталған бағдарлама аясында 1 643 жас уақытша жұмыс орындарына орналастырылып, өз мамандықтары бойынша тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болды.
Солардың бірі – Нұрсұлу Оразалы, бүгінде «Назар Текстиль» кілем фабрикасында тоқыма операторы болып еңбек етуде. Ол 2025 жылдың шілде айында Шымкент қаласындағы №5 кәсіптік колледжді тоқыма өндірісі мамандығы бойынша тәмамдап, диплом алған. Кейін «Enbek.kz» электронды еңбек биржасына тіркеліп, ресми түрде жұмыссыз ретінде есепке алынады. Аудандық Мансап орталығы арқылы «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысып, сол арқылы өз мамандығы бойынша жұмысқа жолдама алады.
– Бұл фабрикаға алғаш рет колледжде оқып жүрген кезде өндірістік тәжірибеден өту үшін келген едім. Сол кезде-ақ ұжымның ынтымағы мен еңбек тәртібі ұнаған болатын. Колледжді аяқтаған соң, мемлекеттік бағдарлама арқылы осы жерге қайта оралып, жұмысымды бастадым. Мұнда мен сияқты жастар көп. Ұжымда бір-бірімізге қолдау білдіріп, тәжірибе алмасып отырамыз. Қазір кілемнің түр-түсіне қарай жіптерді тоқыма құрылғысына дайындау жұмысымен айналысамын. Жұмысым өзіме ұнайды. Ең бастысы – мамандығым бойынша еңбек етіп жүрмін, – дейді Нұрсұлу Нұржанқызы.
Жастарды жұмыспен қамту – тек экономикалық емес, сонымен қатар әлеуметтік міндет. Мемлекеттік бағдарламалар, жастар практикасы және бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері арқылы жас мамандар өз кәсіби жолын бастауда. Ашықтық пен адалдық қағидаларына сүйенген бұл шаралар елдің әлеуметтік тұрақтылығын нығайтып, жастардың сенімді және жауапты азамат болып қалыптасуына мүмкіндік береді.
