
Қоғамдағы тұрақтылық пен әлеуметтік әділеттіліктің басты шарты – сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік. Қазіргі таңда мемлекетімізде адал еңбек пен адал азаматтық қағидаттарын насихаттау арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу маңызды міндеттердің бірі болып отыр. Сыбайлас жемқорлық тек экономикалық шығын әкеліп қана қоймай, қоғамдағы сенім мен әділеттілікке нұқсан келтіреді. Мемлекеттік қызметтер мен жеке салалардағы парақорлық адам құқықтарының бұзылуына, қоғамдағы теңсіздіктің ұлғаюына әкеледі. Сондықтан әрбір азамат адалдық пен заңға бағынушылық қағидатын өмірлік ұстанымға айналдыруы қажет.
Осы орайда, Шымкент қаласындағы Еңбек мобильділігі орталығында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау тақырыбында жиын өтті. Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Серғали Жанизаков, «Amanat» партиясының өкілі Сәкен Искаков, сондай-ақ Мансап орталықтарының басшылары, бөлім басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Серғали Жанизаков өз сөзінде Мемлекет басшысы жемқорлыққа қарсы күресті ел дамуының басты шарты ретінде үнемі атап өтетінін айтты. «Біздің мақсатымыз - адал еңбек пен әділдікке негізделген қоғам құру. Ол үшін мемлекеттік органдар ашық әрі есеп беретін болуы керек, ал бизнес еркін дамуға мүмкіндік алуы тиіс. Сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне төзбеушілік танытып, оның алдын алу шараларын күшейту қажет. Адал азамат – өз ісіне жауапты, құқықтық сауатты, қоғамдық мүддені жоғары қоятын тұлға. Мұндай адамдар мемлекеттік бағдарламаларды, қоғамдық жобаларды дұрыс пайдалана отырып, қоғамның дамуына үлес қосады. Адал азамат болу – тек жеке жауапкершілік емес, сонымен бірге болашақ ұрпаққа үлгі көрсету болып табылады. Еңбек – адамның қадір-қасиетін арттыратын басты құрал. Адал еңбек арқылы әрбір азамат қоғамға нақты пайда әкеледі, экономикалық даму мен әлеуметтік тұрақтылыққа үлес қосады. Кәсіпорындар мен ұйымдарда адалдық пен ашықтық қағидаттарын сақтау – бизнес пен қоғам арасындағы сенімді нығайтады», - деді ол.
Еңбек мобильділігі орталығының директоры Бағдат Арқабаев та өз сөзінде орталықтың қызметі барысында жемқорлыққа жол берілмейтінін атап өтті. «Жұмыспен қамту шараларында ашықтық пен адалдық қағидалары негізгі бағыт болып табылады. Бұл қағидаларды сақтау әр қызметкердің кәсіби жауапкершілігін арттырып қана қоймай, жалпы сала дамуына оң әсерін тигізеді. Ашықтық – мемлекеттік және жеке сектордағы процестердің әрбір кезеңінде қоғамның сенімін қалыптастырады. Адалдық болса, тек заңға бағыну мен өз ісіне жауапкершілік қана емес, сонымен бірге әрбір азаматтың кәсіби абыройын көрсетеді. Әр қызметкер осы қағидаларды ұстанған кезде, бос орындар жәрмеңкелері, жұмысқа орналасу бағдарламалары, қайта даярлау және кәсіптік оқыту жобалары тиімді жүзеге асады. Сонымен қатар, ашықтық пен адалдық қоғамда әділ бәсекелестікті қалыптастырып, жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Мұның нәтижесінде еңбек нарығы тұрақтанып, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында сенім артады. Сондықтан, жұмыспен қамту саласында ашықтық пен адалдық қағидаларын насихаттау – тұрақты даму мен экономикалық өсімнің басты кепілі болып табылады. Әрбір азамат пен қызметкердің өз ісіне адалдығы қоғамның әл-ауқатын арттыруға, жастарға үлгі болуға және еңбек нарығын әділ әрі тиімді етуге ықпал етеді», - деді ол.
Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік, адал азаматтық пен адал еңбек – қоғамның тұрақтылығы мен елдің дамуының кепілі. Әрбір азамат өз ісінде әділдік пен адалдық қағидаттарын ұстанса, мемлекетімізде ашық, әділетті және сенімді қоғам қалыптасады.
