
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы маңызды бағыттардың бірі – елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету. Газ желілерін тарту, автоматтандырылған жүйелерді енгізу және тозығы жеткен инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары халықтың жайлы өмір сүруіне, сондай-ақ экологиялық ахуалды жақсартуға айтарлықтай ықпал етеді. Тұрғындарды газбен қамтамасыз ету — инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық жұмыс. Жүргізіліп жатқан жобалар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, қауіпсіздік деңгейін көтеруге және қала экологиясын жақсартуға зор үлес қосады. Алдағы жылдары да газ желісінің қамту аймағын кеңейту, технологиялық жаңарту және қызмет сапасын арттыру негізгі міндеттердің бірі болып қала береді.
Осы орайда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Тассай» шағынауданы тұрғындарымен бірге табиғи газды қосу рәсіміне қатысты. Бұл – газдандырудың екінші кезеңі аясында жүзеге асқан маңызды оқиға. Нәтижесінде 1700 абонентке көгілдір отынға қосылу мүмкіндігі берілді.
Бұған дейін бірінші кезеңде 800 абонент газ жүйесіне қосылған еді. Жыл соңына дейін қалған тұрғын үйлерді қосу жұмыстары толық аяқталады деп жоспарланған. Жалпы жоба толық жүзеге асқанда 3345 абонент табиғи газбен қамтылып, тартылған газ құбырының жалпы ұзындығы 68 шақырымнан асады. Газдың қосылуы – тұрғындар үшін маңызды сәт, өмір сүру сапасын арттыруға және шағынауданның инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған қадам. Осы қуанышты оқиғамен тұрғындарды құттықтап, құрылыс жұмыстарын уақытылы орындаған мердігер ұйымға алғыс білдірді. Сонымен қатар «Абдулабад», «Елтай», «Текесу» және «Ақтас» тұрғын алаптарында нөсерлі жауын кезінде су басу қаупі бар учаскелерді аралады. Су басудың алдын алу мақсатында жауапты мамандарға дренаж жүйелерін нығайту, нөсер суларын ағызу арналары мен арықтарды тазалау, жауын суын үздіксіз бұру шараларын қабылдауды тапсырды. Коммуналдық қызметтердің ауа райының қолайсыз жағдайына жедел әрекет ету дайындығына ерекше назар аударылды.
