Балық шаруашылығы – агроөнеркәсіп кешенінің экономикалық тиімділігі жоғары, экологиялық маңызы зор бағыттарының бірі. Соңғы жылдары елімізде балық өнімдеріне деген сұраныс артқан сайын, балық өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарының саны да көбейіп келеді. Бұл қожалықтар ішкі нарықты сапалы және экологиялық таза өніммен қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығының әртараптануына үлес қосып отыр.
Соңғы жылдары Шымкент қаласында агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында балық шаруашылығын дамыту ерекше назарда. Қала аумағындағы су көздерін тиімді пайдалану, инвестициялық жобаларды іске қосу және жаңа технологияларды енгізу арқасында балық өсіру саласы экономиканың болашағы бар бағыттарының біріне айналып келеді.
Шымкент қаласы табиғи су ресурстары аса көп аймаққа жатпағанымен, балық өсіретін жасанды тоғандар мен шаруашылықтарды дамытуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Қала аумағында қазіргі таңда бірнеше шағын және орта шаруашылықтар жұмыс істейді. Олар жыл сайын ішкі нарықты сапалы балық өнімдерімен қамтамасыз етуге үлес қосуда. Жергілікті шаруашылықтарда көбіне: дөңмаңдай, ақ амур, шортан, бекіре тұқымдастары, форель сияқты балық түрлері өсіріледі.
Соңғы жылдары саланы жаңғырту мақсатында тоғандарды биологиялық тазарту, судың сапасын жақсарту, балық жемін отандық өндіріс арқылы қамтамасыз ету тәсілдері қолға алынуда.
Осы орайда Ауыл партиясы Төрағасының орынбасары Қайрат Қапарұлының бастамасымен Шымкент қаласында өтетін «Auyl Fest. Рыбоводство – 2026» халықаралық балық шаруашылығы фестивалін ұйымдастыру мәселесіне арналған эксперттік кездесу өтті.
Іс-шараны Ауыл партиясының Шымкент қалалық филиалының Төрағасы Ғани Қарабековтің жетекшілігімен, Президиум Төрағасы Талғат Айтбаевтың ұйымдастыруымен өтті. Кездесуге Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары мен қаламыздағы балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер қатысты.
Кездесу барысында балық шаруашылығын дамытудың тиімді тетіктері, экспорттық әлеуетті көтеру, және жас кәсіпкерлерді осы салаға тарту мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, алдағы жылы өтетін халықаралық фестивальдің тұжырымдамасы, әріптестік бағыттары мен өңірлік қатысу жоспары айқындалды.
«Auyl Fest. Рыбоводство – 2026» — ауыл шаруашылығы саласында жаңа серпін беруді, отандық өнімдердің сапасын арттыруды және саланың инновациялық дамуын көздейтін маңызды алаң болмақ.
Айта кетейік, бүгінгі таңда қала аумағында балық шаруашылығымен айналысатын 5 қожалық бар. Оларда жайын (сом) және тұқы (карп) тұқымдас балық түрлері өсіріледі. Олардың ішінде ең үлкені – «Алина» шаруа қожалығы. Аталған шаруашылық 2019 жылдан бастап 300-500 тонна аралығында африкалық сом және тұқы (карп) тұқымдас балық өндірумен айналысып келеді. Аталған қожалыққа ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші ретінде мемлекеттік қолдау тұрақты түрде көрсетіліп отыр.
Сондай-ақ кәсіпкер Данияр Рахымжановтың шаруашылығы да өркендеп келеді. 72 бассейннен құралған кешен, негізінен африкалық жайын мен тұқы өсіреді.
Қала әкімдігі мен салалық ұйымдар балық өсіру фермаларының санын арттыруға, өнім көлемін ұлғайтуға және экспорттық әлеуетті күшейтуге ынталы. Сонымен бірге, «Ауыл» партиясының өкілдерімен, салалық сарапшылармен тәжірибе алмасу, экожүйені сақтау және қауіпсіз өндіріс мәдениетін қалыптастыру бағытында өзара іс-қимылдар жүргізілуде.
