
Еліміздің дамуы мен өркендеуі ең алдымен еңбек адамдарының табанды еңбегінің арқасында жүзеге асып келеді. Қай салада болмасын — өндірісте, ауыл шаруашылығында, білім мен медицинада, құрылыс пен энергетикада — бар жетістіктің негізінде адал еңбек жатыр.
Еңбек адамы – елдің тірегі, қоғамның қозғаушы күші. Олар – күн сайынғы жұмысы арқылы халықтың игілігіне қызмет етіп жүрген қарапайым, бірақ ең қадірлі жандар. Қиындыққа мойымай, жауапкершілік пен адалдықты ту еткен еңбек майталмандарының еңбегі – ел дамуының іргетасы.
Бүгінде Шымкент қаласында да түрлі салада мыңдаған еңбек адамдары жұмыс істейді. Олардың қатарында өндіріс жұмысшылары, құрылысшылар, коммуналдық қызмет мамандары, дәрігерлер мен ұстаздар бар. Әрқайсысы өз ісінің шебері, қаланың дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға өз үлесін қосып жүр.
Қаланың әр үйіне жылу жеткізу – бір ғана батырдың ісі емес, сан мыңдаған еңбек адамдарының еңбегі. Солардың бірі – Бекенов Ғалымжан. Ол бүгінде Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының құрамындағы «Қуатжылуорталық-3» МКК №1 аудандық бөлімшесінің апаттық-диспетчерлік қызметінде жұмыс істейтін 5-дәрежелі слесарь.
Ғалымжан Маханұлы – өз ісіне адал, сабырлы да сенімді маман. Оның еңбек жолы қарапайым жұмысшыдан тәжірибелі маманға дейінгі жүйелі жолдан тұрады.
1992 жылы орта мектепті тәмамдап, жылу энергетикасы саласына келгеннен бері осы бағыттан айныған емес.
2002–2003 жылдары «Энергоцентр-3» ААҚ мекемесінде 3-дәрежелі слесарь болып алғашқы тәжірибесін жинады.
2003–2004 жылдары «Жылуэнергоорталық» ЖШС-де еңбек етіп, өз ісіне деген сенімін арттырды.
Ал 2004–2015 жылдары «3-Энергоорталық» АҚ құрамында жылу бекеттеріне қызмет көрсететін слесарь әрі сорғы қондырғыларының машинисі ретінде он жылдан астам тер төкті.
2015 жылдан бастап «Қуатжылуорталық-3» МКК ұжымында еңбек етіп келеді.
Алғашында 3-дәрежелі машинист ретінде жұмысқа қабылданып, уақыт өте 5-дәрежелі слесарь лауазымына көтерілді.
Бүгінде ол – апаттық-диспетчерлік қызметтің негізгі тіректерінің бірі.
Қыстың қақаған аязында, қаланың жылу желілерінде апат болса, бірінші жететіндердің бірі – Ғалымжан Маханұлы пен оның әріптестері. Олар үшін күн мен түннің айырмасы жоқ: бастысы – қаланың тұрғындары тоңбасын, үйлерінде жылу үзілмесін.
Әріптестері оны сабырлы мінезі мен ұстамдылығы үшін құрметтейді. Ол ешқашан дауыс көтермейді, бірақ бәрі біледі – Ғалымжан ағаның айтқаны рас, істегені тиянақты.
Слесарь мамандығы сырт көзге қарапайым көрінгенімен, бұл – нағыз шеберлікті, шыдамдылық пен техникалық білімді қажет ететін жұмыс.
Ғалымжан Маханұлының өмір жолы – адал еңбектің, қарапайымдық пен табандылықтың айқын үлгісі. Осындай азаматтардың арқасында біздің қаламызда жылу бар, жарық бар, өмір бар.
Нағыз еңбек адамы – табандылық пен төзімділіктің, жауапкершілік пен кәсібиліктің үлгісі. Олардың әр күні – жас ұрпаққа өнеге. Еңбек адамдарының маңдай терімен еліміздің зауыттары жұмыс істеп, жолдар салынып, үйлер жылынып, өмір көркейіп келеді.
Сондықтан еңбек адамына құрмет көрсету – елдің рухын көтеру, қоғамның бірлігін нығайту. Еңбектің қадірін түсінген ел – әрқашан алға басады.
