
Қай кезеңде де қоғамның ілгері басуы, елдің өркендеуі ең алдымен еңбек адамдарының маңдай тері мен қажырлы еңбегіне байланысты. Қарапайым жұмысшылар, ұстаздар, дәрігерлер, құрылысшылар, инженерлер, механиктер мен шаруалар – бәрі де өз ісінің майталманы, ел экономикасының тірегі.
Бүгінгі таңда Қазақстанның дамуы мен тұрақтылығына үлес қосып жүрген еңбек адамдарын құрметтеу – қоғамның басты құндылығының бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында «Нағыз патриот – адал еңбегімен еліне қызмет ететін азамат» деп атап өткен болатын.
Еңбек адамы – елдің басты байлығы. Олардың қолымен мектептер мен ауруханалар салынады, зауыттар мен фабрикалар жұмыс істейді, үйлер жылынып, қалалар көркейеді. Осы еңбек майталмандарының арқасында еліміз алға басып, жаңа табыстарға қол жеткізуде.
Шымкент қаласында да түрлі салада еңбек етіп жүрген мыңдаған адамдар бар. Олар – өндіріс орындарындағы зауыт жұмысшылары, жол жөндеушілер, энергетиктер, коммуналдық қызмет мамандары және ауыл шаруашылығы еңбеккерлері. Әрқайсысының еңбегі қала тіршілігінің тоқтаусыз жүруіне, халықтың жайлы өмір сүруіне зор үлес қосып отыр.
Кейбір адамдардың қолынан от ұшқындаса да, ісі үйлесіп, нәтиже беріп тұрады. Дәнекерлеушілердің еңбегі дәл сондай – көзге көп көрінбейтін, бірақ аса маңызды іс. Сол мамандықтың нағыз шебері – Ахмадиев Салават. Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының құрамындағы «Қуатжылуорталық-3» МКК №4 аудандық бөлімшесінің 5-дәрежелі электрогазбен дәнекерлеушісі.
Салават Наильұлы 1980–1983 жылдары СПТУ-136 оқу орнында электрогазбен дәнекерлеуші мамандығын меңгеріп шыққан. Жастайынан темір мен техниканың сырын ұғуға қызыққан ол, өз ісін сүйіспеншілікпен атқаруды өмірлік қағидасына айналдырған.
Еңбек жолы қарапайым цехтан басталды.
1987–1988 жылдары Шымкент мақтап-мата комбинатында слесарь, кейін сылақшы болып жұмыс істеді.
1988–1989 жылдары «Средазстроймонтаж» мекемесінде сылақшы ретінде еңбек етіп, құрылыс саласының да қиындығын сезінді.
Ал 1991–1998 жылдары «Южказэнерго» өндірістік жөндеу мекемесінде 5-дәрежелі электрогазбен дәнекерлеуші қызметін атқарды. Дәл осы жылдар оның кәсіби шыңдалу кезеңі болды.
Бүгінде, 2018 жылдан бері, Салават Ахмадиев Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының құрамындағы «Қуатжылуорталық-3» МКК №4 аудандық бөлімшесінде қызмет атқарып келеді. Қолындағы дәнекерлеу аппараты – оның сенімді серігі, әр ұшқын – еңбектің белгісі.
Күн сайын ол жылу желілеріндегі металл құбырларды жалғап, зақымданған тұстарды қалпына келтіреді. Әр тігісі – жылудың үздіксіздігі, әр ұқыпты қозғалысы – тұрғындардың үйлеріндегі жайлылықтың кепілі.
Салауатты өмір салтын ұстанатын, өз ісіне шын берілген бұл маман – ұжымның қадірлі азаматы. Оның әр жұмысы – жауапкершілік пен дәлдіктің көрінісі. Әріптестері Салават ағаны сабырлы, әділ және қолы алтын шебер ретінде сипаттайды.
Дәнекерлеушінің еңбегі қауіпті, бірақ ол ешқашан шағымданбайды. Керісінше, металлдың отына қарап, одан жылу мен қуат табады.
Нағыз еңбек адамы өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары және табандылығымен ерекшеленеді. Олар – қоғамның іргетасы, келер ұрпаққа үлгі болатын тұлғалар.
Сондықтан да еңбек адамдарына құрмет көрсету, олардың еңбегін бағалау және дәріптеу – елдің рухын көтеріп, патриоттық сезімін нығайтудың бір жолы.
