Слесарь мамандығы – жауапкершілік пен шеберлікті талап ететін кәсіп

image.png

Қоғамның дамуы мен өндіріс орындарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп отырған еңбек адамдарын әрқашан құрметтеу – біздің борышымыз. Солардың бірі – слесарь мамандары, яғни түрлі техникалық жүйелер мен құрылғылардың сенімді жұмысын қамтамасыз ететін кәсіби шеберлер.

Слесарь мамандығы – қарапайым көрінгенімен, аса жауапкершілік пен дәлдікті қажет ететін ауыр әрі қадірлі кәсіп. Олар өндіріс орындарында, жылу қазандықтарында, электр және су жүйелерінде, көлік және құрылыс саласында еңбек етеді. Әрбір механизмнің ақаусыз жұмыс істеуі осы мамандардың епті қолы мен тәжірибесіне тікелей байланысты.

Мысалы, Шымкент қаласындағы «Қуатжылуорталық-3»  секілді ірі нысанда жүздеген слесарь мамандары күн сайын аянбай еңбек етуде. Олар жылу маусымына дайындық кезінде құбырларды ауыстыру, қазандықтарды жөндеу, су мен будың қысымын реттеу сияқты маңызды жұмыстарды атқарады. Сол майданның көрінбейтін қатарында жүрген жандардың бірі – Рахимбаев Зулпықар Хұдаярұлы.

Зулпықар Хұдаярұлы 2016 жылы «Фемида» қаржылық-құқықтық колледжін экономика және бухгалтерия мамандығы бойынша тәмамдаған. Басқа адам болса, жылы кеңседе отыруды таңдауы мүмкін еді, бірақ ол нақты, елге қажет, ауыр әрі жауапты еңбекті таңдады.

2014-2015 жылдары «Жилкомхоз» ЖШС-де слесарь болып жұмыс істеп, тұрғын үйлердегі инженерлік жүйелерге жауап беруді, ақауларды жөндеуді және халыққа қызмет көрсетуді үйренді. Сол күннен бастап оның еңбегі тек кәсіби шеберлікпен емес, азаматтық жауапкершілікпен өлшенді.

2015 жылдан бері Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының құрамындағы «Қуатжылуорталық-3» МКК №5 аудандық бөлімшесінде 5-дәрежелі слесарь ретінде абыройлы қызмет атқарып келеді. Бұл – жай ғана құбыр жөндеу емес. Бұл – мыңдаған отбасының үйлерінде жылу бар болуын, балаларының тоңбауын, қарттардың амандығын қамтамасыз ету.

Зулпықар Хұдаярұлының күнделікті еңбегі:

• Түнде, боранда немесе демалыс күндері шақыртуға дереу жету;

• Құбыр жарылғанда бірінші болып бару;

• Жүйедегі қысым мен температураны үнемі бақылауда ұстау;

• Қаланың бірнеше шағынауданында жылудың тұрақты берілуін қамтамасыз ету.

Оның жұмысы – көпшіліктің көзінен тыс, бірақ тоқтаса бірден сезілетін маңызды қызмет. Сабырлы, салмақты, өз ісіне берілген маман ретінде әріптестері жауапкершілігі үшін, басшылық сенімділігі үшін құрметтейді. Жылу беру маусымында тәуліктеп жұмыс істеуге де дайын.

Мұндай мамандар көпшіліктің алдында жарқырап көрінбейді. Олар – үнсіз қызмет етеді. Дегенмен, дәл осындай азаматтардың арқасында қаланың тіршілігі тоқтамайды.

Еңбек адамы – елдің жүрегі. Рахимбаев Зулпықар – сол жүректің бір тамыры.

Слесарь – тек қол күші емес, ой еңбегін де талап ететін маман. Қазіргі заманда бұл мамандық иелері заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеп, автоматтандырылған жүйелерді меңгеріп, өндіріс үдерісін оңтайландыруға атсалысып жүр.

Мемлекет еңбек адамдарына ерекше назар аударып келеді. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі дамып, колледждер мен оқу орталықтарында жоғары деңгейдегі білікті жұмысшылар даярлануда. «Жаңа мамандықтар атласы» жобасы аясында да слесарь мамандығы өз маңызын жоғалтпай, еңбек нарығында сұранысқа ие болып отыр.

Слесарь маманы – қоғамның көзге көрінбейтін, бірақ тіршіліктің тұрақты жүрісін қамтамасыз ететін еңбек қаһарманы. Олардың табандылығы мен кәсіби біліктілігі – қалаларымыздың жылыту жүйесі, зауыттардың үздіксіз жұмысы, халықтың тұрмыс жайлылығының кепілі.

Еңбек адамына деген құрмет – елдің дамуына деген құрмет. Сондықтан да слесарь сияқты қарапайым, бірақ аса маңызды мамандық иелерінің еңбегін дәріптеу – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Еңбек адамы – елдің тірегі, қоғамның қозғаушы күші
  • Шымкентте этномәдени бірлестіктердің қатысуымен мерекелік фестиваль өтті
  • Жастармен өзекті мәселелер мен жаңа бастамалар талқыланды
  • Шымкентте көп балалы аналарға алтын және күміс алқалар табысталды
  • Құны 17 миллиард доллардан асатын келісімдер жасалды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер