Шымкентте «Әйел аманаты» жобасы аясында гендерлік саясат мәселелері қаралды

image.png    

    Шымкент қаласында әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және отбасылық-демографиялық саясатты жетілдіру мәселелеріне арналған кең көлемді басқосу өтті. Жиынға мемлекеттік органдар өкілдері, түрлі саланың мамандары, ғалымдар, депутаттар және азаматтық қоғам мүшелері қатысты.   

    Іс-шараны «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйелдердің құқықтарын қорғау, оларды қолдау және қоғамдағы белсенділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан мемлекеттік саясатқа тоқталды. Оның айтуынша, AMANAT партиясы қатарындағы әйелдердің үлесі 65 пайыздан асады, ал бастауыш партия ұйымдарының жартысынан астамын әйелдер басқарады. Бұл көрсеткіш нәзік жандылардың ел дамуындағы рөлінің жоғары екенін білдіреді. Сонымен бірге партияның Әйелдер қанаты жүзеге асырып жатқан «ӘЙЕЛ АМАНАТЫ» бастамасының маңызы да айтылды. Аталған жоба әр салада еңбек етіп жүрген белсенді әйелдерді біріктіріп, ортақ диалог пен ынтымақтастық алаңын қалыптастыруды көздейді. 

    Осы бағыттағы жұмыстардың өңірлік деңгейде атқарылуы туралы AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Наргиза Керимбаева баяндама жасады. Сондай-ақ, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалының доценті, саяси ғылымдарының кандидаты Сауле Рысбаева «Гендерлік теңгерім және теңдік» тақырыбында сөз сөйлеп, еліміздегі гендерлік саясаттың даму динамикасына тоқталды. 

        Бұдан кейін М. Әуезов атындағы Оңтүстік-Қазақстан зерттеу университетінің Шыршық филиалының директоры, қалалық мәслихат депутаты Дария Қожамжарова «Ғылымдағы әйелдердің рөлі» төңірегінде мазмұнды баяндама жасап, ғылым саласындағы әйелдердің жетістігі мен үлесін атап өтті. Ал, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Баян Жандосова «Әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын түсіндіріп, мемлекеттік деңгейде қолға алынған механизмдерге тоқталды.             Соңғы жылдары Қазақстанда әйелдердің экономикалық және әлеуметтік рөлі артып келеді. Себебі еліміз  гендерлік теңдік жолын ұстанады. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербейтін аналар бүгінде билікте, бизнесте, ғылым жолында өздерін дәлелдеп, табысты еңбек етуде. Статистикалық деректерге сүйенсек отанымызда мемлекеттік қызметтегі басшылық лауазымдардың 39%-ын әйелдер атқарады екен.     

      Қазіргі кезде Парламентте  нәзік жанды 26  депутат бар, бұл жалпы халық қалаулылары  санының 18,9%-ын құрайды. Ал мәслихаттағы 3 415 депутаттың 774-і әйел заты болса, мәжілістегі  98 депутаттың 16-ы әйел. Сенаттағы 50 депутаттың 10-ы  нәзік жандылар.  Елімізде министр лауазымындағы ханымдар  да бар.  Бүгінде денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, оқу-ағарту, мәдениет және ақпарат министрліктерін әйелдер басқарып отыр. Әділдік жолында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер де жетерлік. Нақтырақ айтқанда елімізде 1 248 әйел судьялар бар.      

    Әйелдер бизнесті де сәтті дөңгелетіп, еліміздің экономикасына айтарлықтай үлестерін қосып келеді. Мамандардың дерегінше шағын және орта бизнестегі субъектілердің 48 %-ы  әйелдерге тиесілі.  Қазақ қоғамында қашанда ардақты саналған әйел затының құрметі  бүгінде түсіп отырған жоқ.  Гендерлік саясатты тек жоғары лауазымды билікпен өлшеп қоюға болмайды. Бұл әйелдердің билік басындағы мүмкіндіктерін ғана айқындамайды, сонымен қатар отбасында, күнделікті тұрмыстық, экономикалық, адамгершілік-тәрбиелік, қорғаушылық және басқа да маңызды функцияларын орындауда жауапкершілігін, тепе-теңдігін көрсетеді.      Халықаралық тәжірибе  отбасының беріктігіне гендерлік жүйенің елеулі әсер ететінін көрсетіп отыр. 1995 жылы Бейжің декларациясына қосылғаннан бері тұрақты гендерлік саясатты қалыптастыру бағытын нық ұстанып келе жатқан Қазақстан тепе-теңдікті ұстануды жалғастыра бермек.     

      Алғашқыда гендерлік саясатқа жұрттың үрке қарағаны рас. Себебі бұл жүйе  ерді әйелден ерекшелеп, немесе әйелді ерлерден биік қою деген түсінік қалыптасты. Алайда қазір гендерлік саясат туралы қоғамның пікірі жақсарып, оң көзқарас қалыптасуда. Гендерлік саясат – бұл ерлер мен әйелдерді жарыстыру немесе салыстыру емес , ол -  ер мен әйелдердің қоғамды тең дәрежеде бірлесіп дамытуы деп қабылдағанымыз жөн. Әрбір әйел  шаңырағында  бақытты, жұмысында  табысты, қоғамда белсенді, билікте көшбасшы  болуға құқылы және  лайықты.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкентте «Әйел аманаты» жобасы аясында гендерлік саясат мәселелері қаралды
  • Шымкентте «Ғылымның дамуы — мемлекеттің маңызды приоритеті» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
  • Еңбек адамы – елдің рухани және экономикалық тірегі
  • «Халық қатысатын бюджет» жобасы жемісін беруде
  • Кәсіпкерлердің құқығын қорғау – экономикалық дамудың кепілі
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер