Кәсіпкерлердің құқығын қорғау – экономикалық дамудың кепілі

image.png

Қазіргі таңда ел экономикасының негізін жеке кәсіпкерлік пен шағын және орта бизнес құрайды. Сондықтан кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау — мемлекеттің басым бағыттарының бірі болып отыр. Қазақстанда кәсіпкерлік қызметтің ашық әрі әділ жүргізілуін қамтамасыз ету үшін бірқатар маңызды заңнамалық өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау мен олардың мәселелерін шешуде маңызды рөл атқарады.

2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша республика көлемінде 7 мыңнан астам кәсіпкер өз мәселесін Палата арқылы шешіп, 60 млрд теңгеден астам мүліктік құқықтары қорғалған.

Шымкент қаласында да кәсіпкерлікті қорғау мен дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр.

Қалада 100 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген, бұл — экономикалық белсенді халықтың 30 пайыздан астамын құрайды.

Осы орайда Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға Кеңес төрағасы Қайрат Акенов, Палата қызметкерлері, кәсіпкерлер мен мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

Жиында «Шымкент қаласы әкімдігінің «Ақылы көлік тұрақтарын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» қаулы жобасы, сонымен қатар, Қазақстан кәсіпкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Хартиясы туралы талқыланды. Қаулы жобасы бойынша Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Әзілхан Жарымбетов баяндама жасады. «Кәсіпкерлер палатасына қарауға «Ақылы көлік тұрақтарын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Шымкент қаласы әкімі қаулысының жобасы келіп түсті. Тәртіпке сәйкес жобаны кәсіпкерлерге таратып, таныстырдық. Бизнес-қоғамдастықтан көптеген сұрақ түсіп жатыр. Сол сұрақтарды талқылау үшін жиналып отырмыз. Бұған дейін бізде мұндай ақылы көлік тұрағының жобасы болмаған», – деді Әзілхан Жарымбетов.

Жиын барысында қаулы жобасын әзірлеушілер құжат туралы түсіндіріп өтті.

«Бұған дейін Шымкентте мұндай жобаның жүзеге асырылуына заңнамалық негіз болмаған. Ал биылғы 17 шілдеде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды, ұлттық жобаларды дамыту, кәсіпкерлік және мемлекеттік органдардың функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды. Осы заңды орындау үшін 13 тамызда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды, ұлттық жобаларды дамыту, кәсіпкерлік және мемлекеттік органдардың функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы 17 шілдедегі ҚР Заңын іске асыру жөніндегі іс-шаралар туралы Премьер-Министрдің Өкімі шықты. Осы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасына ақылы тұрақтарды ұйымдастыру қағидаларын бекіту құзыреттілігі берілген. Бұл жөнінде ҚР Үкімет басшысының өкімі де бар. Сол өкімге сәйкес барлық құзыретті органдар мерзімінде қабылдауы қажет. Осы негіздерге сүйене отырып біздің басқарма осындай қаулы жобасын әзірледік. Жобаны қарастыру барысында Астана, Алматы қалаларындағы жұмыс істеп тұрған жобаларын қарастырдық. Мұндағы басты мақсат – жалпы көлік тұрақтары жобасының құқықтық негізін қалыптастыру», – деді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары Шерзат Сүттібаев.

Жиын барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардың жауабын алды.

Отырыстың соңында Кеңестің резолюциясы қабылданды:

Кәсіпкерлер палатасына күн тәртібіндегі қаулы жобасына қатысты кәсіпкерлердің талап-тілектерін, ұсыныстарын назарға алу;

Қаулы жобасына талдау жасалып, ескертулерімен сараптамалық қорытынды беру;

Келіп түскен мәселелерді, ұсыныстар мен ескертулерді ескере отырып, қаулы жобасына сараптамалық қорытынды беруді негізді ескертулермен қарастыру;

Қазақстан кәсіпкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл хартиясын назарға алу ұсынылды.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау – тек бизнес өкілдерінің мүддесін қорғау ғана емес, ол – елдің экономикалық тұрақтылығын сақтаудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың басты тетігі. Шымкент қаласында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп, кәсіпкерлер мен билік арасындағы өзара сенім арта түсуде.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкентте «Әйел аманаты» жобасы аясында гендерлік саясат мәселелері қаралды
  • Шымкентте «Ғылымның дамуы — мемлекеттің маңызды приоритеті» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
  • Еңбек адамы – елдің рухани және экономикалық тірегі
  • «Халық қатысатын бюджет» жобасы жемісін беруде
  • Кәсіпкерлердің құқығын қорғау – экономикалық дамудың кепілі
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер