
XXI ғасыр – технология мен инновация дәуірі. Әлемнің ірі мегаполистері “Smart City” – яғни “Ақылды қала” концепциясы негізінде дамып келеді. Бұл бағыттың басты мақсаты – заманауи технологиялар арқылы тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, инфрақұрылымды тиімді басқару және қалалық қызметтерді автоматтандыру.
Шымкент қаласы да еліміздегі үшінші мегаполис ретінде “Ақылды қала” жобасын белсенді жүзеге асырып келеді.
Соның бір дәлелі мегаполисте алғаш рет дрондар инфрақұрылымы жүзеге асырыла бастады. Шымкент қаласының әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасындағы серіктестіктің жаңа кезеңі «Smart Shymkent» жобасы аясында қаланы басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Нәтижесінде қала аумағындағы стратегиялық нысандарды бақылау үшін 5 дроннан тұратын бірыңғай инфрақұрылым пилоттық режимде іске қосылып отыр. «Ақылды қала» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылатын жоба қала аумағында туындайтын мәселелерді жедел әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Дрондардың негізгі артықшылығы:
* Заңсыз құрылыс пен жер иемденуді автоматты түрде анықтау;
* Қоқыс алаңдарына жедел мониторинг жасау;
* Құрылыс барысын фото-бейне бақылау;
* Төтенше жағдайларда жедел әрекет ету.
Бұл бастама қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, қауіпсіздікті арттыруға және басқару процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кетейік, Шымкент қаласы әкімдігі “Smart Shymkent” бағдарламасы аясында қалалық қызметтердің біразын цифрлық форматқа көшірді.
Бүгінде 100-ден астам мемлекеттік қызмет Egov.kz және SmartShymkent.kz платформалары арқылы онлайн көрсетіледі. Бұл тұрғындардың уақытын үнемдеп, ашықтық пен тиімділікті арттырады. Қаланың негізгі көшелерінде энергия үнемдейтін LED-шамдар орнатылуда. 2025 жылдың басына дейін 35 мың шам “ақылды” жүйеге қосылады. Бұл жыл сайын 150 миллион теңгеге дейін электр қуатын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Қала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында “Сергек” және “Қауіпсіз қала” жобалары іске қосылған. Қазіргі таңда Шымкентте 6000-нан астам бейнекамера орнатылып, қоғамдық тәртіпті бақылап отыр. Нәтижесінде жол-көлік оқиғалары мен ұсақ құқықбұзушылықтар саны 20%-ға азайған. “Smart Transport” жобасы аясында автобустардың қозғалысын онлайн бақылау мүмкіндігі іске қосылған. “Shymkent Bus” мобильді қосымшасы арқылы тұрғындар қоғамдық көліктің нақты келу уақытын бақылай алады. 2025 жылы жол қиылыстарындағы бағдаршамдар интеллектуалды басқару жүйесіне толықтай қосылады деп жоспарлануда. Шымкенттегі 120-дан астам мектепке электронды журнал мен күнделік, бейнебақылау және келушілерді тіркеу жүйесі енгізілді. Денсаулық сақтау саласында тұрғындардың электронды денсаулық паспорты мен онлайн-дәрігерге жазылу жүйесі кеңінен қолданылып келеді.
“Ақылды қала” – бұл тек технология ғана емес, ол адамға бағытталған жаңа басқару мәдениеті. Шымкенттің «Smart Shymkent» бағдарламасы мегаполистің тиімді, қауіпсіз және ыңғайлы болашағына жол ашып отыр. Цифрландыру – Шымкенттің дамуының жаңа бағыты, ал “Ақылды қала” – сол дамудың айқын көрінісі.
