
Қазақстанның білім беру жүйесі соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Дегенмен халық санының өсуі, урбанизация және жаңа шағынаудандардың пайда болуы нәтижесінде мектептерде орын тапшылығы мәселесі өзекті болып отыр. Әсіресе мегаполистер мен халқы тығыз өңірлерде бұл проблема күрделене түскен. Бүгінде еліміз бойынша 2025 жылға дейін үш ауысымды және орын тапшылығы бар мектептер санын азайту – басты мақсаттардың бірі. Мысалы, Шымкент, Алматы және Астана қалаларында оқушылар саны жыл сайын 20–30 мыңға өсіп отыр. Бұл өсім қолданыстағы мектеп ғимараттарының сыйымдылығына айтарлықтай әсер етеді.
Шымкент қаласының өзінде 2024 жылдың соңына қарай мектептердегі оқушы саны 300 мыңнан асқан. Себебі Шымқала — еліміздегі халық саны ең жылдам өсіп жатқан мегаполистердің бірі. Соңғы жылдары қала халқы 1,2 миллионнан асты, жыл сайын 30 мыңға жуық оқушы мектеп табалдырығын алғаш аттайды. Бұл жағдай қаладағы білім беру инфрақұрылымына зор салмақ түсіріп, мектептерде орын тапшылығы мәселесін өзекті етуде. 2025 жылдың басындағы мәлімет бойынша, Шымкент қаласында 241 мектеп жұмыс істейді, онда 310 мыңнан астам оқушы білім алады. Әсіресе Нұрсәт, Бозарық, Тельман, Достық, Қайнарбұлақ және Нұршуақ шағынаудандарында оқушылар саны жыл сайын күрт өсіп келеді.
Осы ретте, Шымкент қаласында 2025 жылға дейін білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында айтарлықтай жоспарлар мен ілгерілеу байқалады: мектептер салынып, пайдалануға берілуде; үш ауысымды мектептер саны азайып келеді; заманауи талаптарға сай білім орындары жобалануда. Қаладағы әлеуметтік нысандар, соның ішінде мектептердің құрылысы қала әкімдігінің бақылауында. Қазіргі таңда мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 6 мектепке қосымша ғимарат салынуда.
Соның ішінде екі мектептегі жұмыс 40 пайызға жуықтады. Жайлау шағынауданындағы 575 орындық №16 мектепке және Ө.Жәнібеков атындағы 375 орындық №19 мектепке қосымша корпустардың құрылысы биылғы наурыз айында басталып, бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары 38 пайызға орындалды.
Ал №121 Текесу жалпы білім беретін мектебіне, №66 Қазығұрт орта мектебіне, Ақжар шағынауданындағы №122 және Кенесары Қасымұлы атындағы №82 жалпы білім беретін мектептерге қосымша оқу корпустарының құрылысы қыркүйек айында басталды.
Ғимараттардың құрылысына сапалы, ұзақ мерзімге төзімді құрылыс материалдары қолданылып, заманауи талапқа сай салынуда. Ал оқу кабинеттері интерактивті тақталар, компьютерлер, интернет желісімен қамтамасыз етіліп, химия, физика, биология зертханалары арнайы құралдармен жабдықталады.
Айта кетейік, биылғы жаңа оқу жылында Шымқалада «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында №151 жалпы орта білім беретін мектеп пайдалануға берілген болатын. Жаңа білім ошағы Таскен шағын ауданында орналасқан. Бұл мектептер заманауи талаптарға сай эргономикалық білім кеңістігін ұсынады, ал техникалық жабдықталуы типтік жобаларға қарағанда 4 есеге артық. Мұның барлығы сапалы әрі қауіпсіз білім беруге жағдай жасайды. 1500 орындық жаңа мектеп 60 оқу кабинетімен, интерактивті панельдермен жабдықталған пәндік сыныптармен, STEM және IT-зертханалармен, робототехника кабинеттерімен, шеберханалармен, үш спорт залымен, кітапханамен, коворкинг аймақтарымен, 375 орынды асханамен және медициналық пунктпен қамтылған. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға бейімделген сыныптар мен қолайлы орта қарастырылған. Мектеп толыққанды қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар тағы бір маңызды нысан – реновация аясында толық жөндеуден өткен №9 IT мектеп-лицейі пайдалануға берілді.
Соңғы жылдары Шымкентте Президент тапсырмасына сәйкес білім инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мәселен, заманауи үлгідегі екі Оқушылар сарайы салынып, бүгінде қалада олардың саны үшеуге жетті. Соның нәтижесінде оқушылардың 95 пайызы қосымша біліммен қамтылды.
Жалпы, 2023 жылы Шымкентте ұлттық жоба аясында 12 мектептің құрылысы басталса, бұған дейін 11 мектеп пайдалануға берілген. Жаңа оқу жылында олардың қатары тағы бір жаңа білім ошағымен толықты.
Биылғы оқу жылы Шымкентте 1352 білім беру мекемесінде 400 мыңнан астам оқушымен басталды. Оның ішінде 28 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Барлық оқушылар оқулықтармен толық қамтылды. Сонымен қатар, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар 100 пайыз мектеп формасымен және ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп отыр.
Мамандардың мәліметі бойынша қалада 2025 жылға дейін жалпы 101 мектеп салу көзделген. Атап айтқанда, 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» аясында 18 мектеп (барлығы 28 000 орынды) салу жоспарланған. Биылғы жылы дейін үш ауысымды оқытатын мектептер саны төмендетілді. Заманауи мектептерде STEM-кабинеттер, робототехника зертханалары, спорттық және санитарлық-техникалық жағдайлар қарастырылған. Жаңа мектептер мен қосымша корпустар халық саны тығыз аудандарда салынуда.
Қалада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде мектептер салу тәжірибесі кеңеюде. Қазіргі таңда қалада 40-тан астам жеке меншік мектеп жұмыс істейді. Бұл бюджетке түсетін жүктемені азайтып, балаларды оқумен қамту деңгейін арттыруда.
Жалпы 2026 жылға қарай оқушы орындарының тапшылығын 50 мыңнан 10 мыңға дейін азайту көзделген. Мектептердегі орын тапшылығын шешу — тек құрылыс мәселесі емес, бұл кешенді әлеуметтік міндет. Жаңа мектептер салу, жекеменшік секторды тарту, кадрлар даярлау және білім беру сапасын арттыру – бәрі де елдің болашағы үшін жасалып жатқан жүйелі жұмыс. Білім беру инфрақұрылымының дамуы – әр баланың сапалы білім алуына, тең мүмкіндікке ие болуына жол ашады.
Мектептердегі орын тапшылығын шешу – Шымкент қаласы әкімдігі мен Білім басқармасының басты міндеттерінің бірі. Қалада жаңа мектептер құрылысы қарқынды жүргізіліп, қосымша ғимараттар мен жекеменшік білім мекемелері ашылу жұмыстарының барлығының түпкі мақсаты – әрбір шымкенттік баланың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау. Шымкент – білім мен жаңашылдықтың қаласы, ал жаңа мектептер – оның болашағының кепілі.
