
Шымкент қаласында Республика күніне арналған мерекелік іс-шаралар кең ауқымда және жоғары деңгейде ұйымдастырылмақ. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифинг барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, биылғы мереке ел бірлігін, ұлттық рухты және мемлекеттік құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мазмұнды бағдарламамен ерекшеленеді.
– «Республика күні – еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығын ұлықтайтын, халқымыздың рухын көтеретін маңызды мереке. Сондықтан Шымкент қаласында бұл күн кең көлемде, халықтың белсенді қатысуымен аталып өтеді», – деді Сәрсен Абайұлы.
24 қазан күні сағат 16:00-де «Қызғалдақ» сарайында салтанатты ресми жиын өтеді. Іс-шара барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар мен қала әкімінің Алғыс хаттары табысталады. Бұл рәсім – еңбегімен елге үлгі болған тұлғаларды ұлықтау әрі ел тәуелсіздігін дәріптеу мерекесі болмақ.
Мерекелік бағдарламалар 25 қазан күні де жалғасын табады. Таңғы сағат 10:00-де «Шымсити» саябағындағы Ту тұғырында мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтеді. Бұл – елдік пен егемендіктің айғағы, ұлттық рух пен бірлікті білдіретін маңызды сәт. Рәсімге қала басшылығы, қоғам қайраткерлері, ардагерлер және жастар ұйымдарының өкілдері қатысады деп күтілуде.
Сол күні сағат 10:00-ден 14:00-ге дейін «Астана» алаңында кең көлемді халықтық мерекелік шаралар өтеді. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мазмұнды мәдени бағдарлама ұсынылады. Шымкент қалалық қуыршақ театры мен цирк ұжымы көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлап, сахнада өз өнерлерін паш етеді.
Сонымен қатар алаңда ұлттық дәстүрге негізделген театрландырылған көріністер, халық әншілері шеруі, спорттық сайыстар мен ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі және этноауыл аймағы да тұрғындар назарына ұсынылады. Бұл шаралар – ел мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптейтін ерекше рухани мереке болмақ.
Мереке аясында кітап жәрмеңкелері мен тақырыптық көрмелер де өтеді. Кітап сүйер қауым тарихи, көркем және мәдени басылымдармен танысып, сүйікті авторларымен жүздесуге мүмкіндік алады. Мұндай мәдени бастамалар жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға және ұлттық рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған.
Кешкі сағат 19:00-де «Астана» алаңында ашық аспан астында өтетін гала-концерт Республика күні мерекесінің ең әсерлі сәті болмақ. Онда қазақстандық танымал эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар өнер көрсетеді. Сахна төрінде Ғазизхан Шекербек, Ұшқын Жамалбек, Мәдина Сәдуақасова, Еңлік, Әсет Есжан, сондай-ақ «Заман» және «Жігер» топтары ән мен күйден шашу шашпақ.
Шымкент қаласы әкімдігі ұйымдастырып отырған бұл мерекелік бағдарлама елдің бірлігін, мемлекет тәуелсіздігінің қадір-қасиетін және халықтың ортақ қуанышын паш ететін маңызды мәдени оқиға болмақ.
