
Шымкент дәрігерлері тағы да бір адамның өмірін сақтап қалды. Қалалық №2 аурухананың жансақтау бөлімінде клиникалық өлім жағдайына түскен 60 жастағы науқас дәрігерлердің кәсіби шеберлігінің арқасында аман қалды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифинг барысында айтып, қаланың медицина саласында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды.
15 қазан күні жедел жәрдем қызметі арқылы ауыр халдегі ер адам ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын дереу бағалап, жедел панкреатит, екі жақты пневмония, қант диабеті, тыныс жетіспеушілігі секілді бірқатар күрделі диагноздар қойды. Науқас ес-түссіз, кома күйінде жансақтау бөліміне жатқызылған. Жағдайдың аса ауыр болуына байланысты бейінді мамандардан құралған мультидисциплинарлық консилиум шақырылып, бір сәтке де үзіліссіз ем-шараны бастап кетіпті.
Алайда 16 қазан күні түнгі сағат 23:30 шамасында дәрігерлер науқаста клиникалық өлім белгілерін анықтаған. Сол сәтте реанимациялық бригада бірден іске кірісіп, әрбір секундпен арпалысып, өз қызметтерін жоғары деңгейде орындап шықты. Төрт минутқа созылған күрестен кейін – жүрек қайта соққан. Науқастың ағзасындағы интоксикация деңгейін төмендету мақсатында дәрігерлер «Призмафлекс» аппараты арқылы гемодиафильтрация процедурасын жүргізіпті. Бұл заманауи әдіс ағзаның интоксикациясын төмендетіп, өмірлік маңызды жүйелердің жұмысын қалыпқа келтіруге мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда пациент есін жиып, палата бөліміне ауыстырылды. Дәрігерлердің айтуынша, ол алдағы күндері үйіне шығарылмақ.
Мұндай оқиғалар – медицина саласындағы кәсібилік пен командалық үйлесімділіктің айқын дәлелі. Шымкент қаласында соңғы жылдары емханалар мен ауруханалар жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, мамандардың біліктілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл – сол еңбектің нәтижесі. Себебі дәрігер үшін ең үлкен марапат – науқастың қайта көзін ашып, дем алған сәті.
«Клиникалық өлім жағдайында әрбір секунд маңызды. Команданың үйлесімді әрекеті мен тәжірибесі – адам өмірін сақтауда шешуші рөл атқарды», – деді қалалық Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері. Бүгінде Шымкенттің медициналық қызметі тек өңірлік емес, республикалық деңгейде де озық тәжірибесін көрсетіп келеді. Бұл оқиға – сол сенімнің бір айғағы.
