
Қазан айының соңғы жексенбісі елімізде әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде аталып өтеді. Бұл күн – мейірім мен жан жылуын кәсібіне айналдырған жандардың еңбегін бағалау, қоғамдағы әлеуметтік әділдікті дәріптеу күні.Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифинг барысында осы бағыттағы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласында әлеуметтік салада 1 913 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 1 688 маман мүгедектігі бар балалар мен ересектерге, өз-өзіне қызмет көрсете алмайтын жандар мен жалғызбасты қарттарға көмек көрсетеді. Ал 30 қызметкер отбасылық құндылықтарды нығайту бағытында еңбек етсе, 195 әлеуметтік маман жұмыспен қамту саласында халыққа қызмет етеді.
Қаланың әлеуметтік инфрақұрылымында 13 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 1 санаторлық-курорттық мекеме, мүгедектігі бар азаматтарға арналған 1 әлеуметтік қолдау орталығы және 1 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ, жұмыспен қамту бағытында Еңбек мобильділігі орталығы мен әр ауданға қарасты мансап орталықтары тұрғындарға тұрақты түрде қызмет көрсетуде.
Арнаулы әлеуметтік орталықтар түрлі санаттағы азаматтарға, психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар мен ересектерге, жалғызілікті І және ІІ топтағы мүгедектерге — үй жағдайында, стационарда, жартылай стационарда және уақытша болу түрінде қызмет көрсетеді. 2025 жылдың 1 қазанына дейін 3 236 адам арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерімен қамтылған. Оның ішінде:
- стационарлық жағдайда – 752 адам,
- жартылай стационарда – 793 адам,
- уақытша болу жағдайында – 402 адам,
- үй жағдайында қызмет алғандар – 1 289 адам.
Сонымен қатар, «Ізетті зейнеткер» коммуналдық мекемесі жыл басынан бері 1772 еңбек ардагеріне сауықтыру қызметін көрсеткен. Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету бағытында жұмыс істейтін «Тең қоғам» орталығында жыл басынан бері 14 703 адам әлеуметтік қызмет түрлерін алған. Мұнда азаматтар әлеуметтік портал арқылы қажетті техникалық құралдарға тапсырыс беріп, электронды цифрлық қолтаңба рәсімдеп, шипажай жолдамасы мен тұрғын үй кезегіне тіркелу сынды қызметтерге жүгінеді.
Ал «Отбасын қолдау орталығы» 2025 жылдың тоғыз айында Шымкент қаласы бойынша 7 051 отбасыға 10 773 қызмет түрін көрсеткен. Олардың қатарында аз қамтылған, көпбалалы және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар бар.
Шымкент қаласы әкімдігі мен Денсаулық сақтау, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармалары бірлесе отырып, әлеуметтік қызмет сапасын арттыруды, қолжетімділікті кеңейтуді және қызметкерлердің еңбегін лайықты бағалауды басты назарда ұстап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
