Шымкентте халықаралық серіктестікке жол ашылды

image.png

     Шымкент қаласы кәсіпкерлік саласында жаңа серпін алды. Кәсіпкерлер палатасында өткен сауда және қызмет көрсету салалық кеңесі қаланың инвестициялық әлеуетін паш етіп, шетелдік инвесторлармен байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Жиынға Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Нұрсұлтан Алтынбек, «Shymkent Invest – Front Office» компаниясының өкілі Болат Етекбаев, Польшадағы бірқатар ірі компаниялардың өкілдері және шымкенттік кәсіпкерлер қатысты.

        Кездесудің басты мақсаты – шетелдік инвесторларды таныстыру, олардың өнімдері мен қызметтерін көрсету, жергілікті кәсіпкерлермен жаңа әрі тиімді серіктестік орнату. Польшадан келген компаниялар өз өндірістік мүмкіндіктерін жан-жақты таныстырып, біріккен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізді.

       Қатысушылар арасында өндірістік құбырлар шығаратын «Metkom», ауыл шаруашылығы техникасы мен қосалқы бөлшектер жеткізетін «Rombor LTD», тау-кен және энергетика саласына арналған қондырғылар өндіретін «Wiromet» сияқты ірі компаниялар бар. Әрбір компания өз өнімін ерекшелігімен, сапасы мен тиімділігін нақты мысалдармен дәлелдеп таныстырды. Көрермендер жаңа технологияларға қызығушылық танытып, сұрақтар қойып, өзара байланыс орнатты.

     Жиын барысында Нұрсұлтан Алтынбек Кәсіпкерлер палатасының жұмысымен таныстырып, қаладағы кәсіпкерлік инфрақұрылым мен қолдау шараларын кеңінен баяндады. Ол инвесторларға арналған әкімшілік жеңілдіктер, арнайы бағдарламалар мен индустриалды аймақтардағы қолайлы жағдайларды егжей-тегжейлі түсіндірді. Қатысушылардың сұрақтарына нақты жауап беріп, ынтымақтастыққа дайын екендіктерін көрсетті.

       «Біздің басты мақсатымыз – шетелдік және жергілікті кәсіпкерлер арасындағы байланысты нығайтып, инвестиция тарту арқылы қаламыздың экономикалық дамуына серпін беру. Бұл отырыс жаңа серіктестіктер мен біріккен жобаларды іске асыруға таптырмас мүмкіндік», – деді Нұрсұлтан Алтынбек.

       Ал «Shymkent Invest – Front Office» өкілі Болат Етекбаев индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтардағы инвесторларға арналған қолайлы жағдайларды таныстырды. Кездесуге қатысушылардың қызығушылығы артып, пікір алмасу мен бірлескен жобаларды талқылау үшін жеке кездесулер ұйымдастырылды.

     Осылайша, сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің отырысы Шымкенттегі кәсіпкерлік қауымдастық үшін халықаралық байланыстар орнатудың тиімді жолы болып, қаланың индустриялық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономикалық тұрақтылығын нығайтуға үлкен мүмкіндік беретін шара ретінде есте қалды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • НЕБО, РАДОСТЬ И ЕДИНСТВО: ШЫМКЕНТ ОТМЕТИЛ ПРАЗДНИК В ЯРКИХ КРАСКАХ
  • ШАТТЫҚҚА ТОЛЫ КҮН: ШЫМКЕНТ АСПАНЫН БАТПЫРАУЫҚТАР ФЕСТИВАЛІ КӨРКЕЙТТІ
  • Шымкентте екінші республикалық «Respublica Asyq Atu» турнирі өтті
  • В Шымкенте состоялся второй республиканский турнир «Respublica Asyq Atu»
  • Верность делу длиною в полвека
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер