Үшінші мегаполисте ауыл шаруашылығы саласындағы ең ірі халықаралық іс-шаралардың бірі AGRITECH TURKESTAN&GROWTECH SHYMKENT-2025 көрмесі басталды. Бастама Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауында атап өтілген ауыл шаруашылығын әртараптандыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі міндеттерді орындау мақсатында ұйымдастырылған. Көрменің ашылуына қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов қатысты. Сондай-ақ, Анталия Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Хакан Пакалын мырза ынтымақтастыққа шақыра отырып, көрменің маңыздылығын атап өтті.
«Бұл көрме жергілікті мамандарға халықаралық тәжірибе алмасуға , заманауи технологияларды тамашалап, олардың жұмысымен танысуға кең мүмкіндік беретін алаң. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауылшаруашылығы саласын инновациялауды стартегиялық басымдық ретінде айқындады. Бұл бағытта Шымкент қаласында елеулі жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі іс шараның осында өтуі кездейсоқ емес. Қаламызда екі ірі шетелдік инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі түрік инвесторы «Алсерра KZ» компаниясының жылыжай кешені. Жалпы құны 650 миллион АҚШ долларын құрайтын бұл жоба 500 гектар аумақта салынып жатыр. Бүгінде 40 гектары дайын, ай соңында алғашқы өнім алу жоспарлануда. Екінші жоба – польшалық «Фабре Агро» компаниясына тиесілі 144 гектар аумақтағы жылыжай кешенінің құрылысы. Осындай ауқымды халықаралық көрменің дәл Шымкент қаласында өтуі заңды құбылыс. Бұл көрме жаңа серіктестіктерге жол ашып, өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырады деп сенеміз", - деді Айдын Кәрімов.
Бұл іс шара ауылшарушылығын дамытуға серпін беретін маңызды оқиға. Көрмеге шетелдік компаниялар мен ірі мекемелер өздерінің жаңа технологиялары мен инновациялық өнімдерін таныстырды.
«Біз бұл көрмеге аграрлық салаға қатысты дрондарды таныстыруға келдік. Бұл дрондардың артықшылығы шаруалардың жұмысын тездетіп әрі сапалы орындауға көмектеседі. Трактор, комбаин секілді ауыр, ірі техника кіре алмайтын жерге дрондар көмекке келеді»,- дейді көрмеге қатысушы Ермек Мырзалиев.
Биылғы іс-шараға Түркия, Нидерланд Корольдігі, Қытай, Ресей, Өзбекстан және өзге де елдерден 80-нен астам жетекші компания қатысуда. Анталия сауда-өнеркәсіп палатасы мен оның құрамындағы 30-дан аса түрік компаниясының делегациясы арнайы келді. Қазақстаннан 25 отандық компания өз өнімдері мен қызметтерін ұсынды.
Түркия елі бұл көрмеде ерекше белсенділік танытты. Елдің 21 компания сы қатысып, тыңайтқыш, жылыжай жабдықтары және тұұым өнімдерін ұсынды. Анталья мен қазақстан арасында сауда жасауда және мәдени достық қарым-қатынас ауылшаруашылығында жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтылды.
«Көрмеге 10-нан астам мемлекеттен 80-нен астам қатысушылардың келуі бұл шараның қаншалықты маңызды әрі ауқымды екенін аңғартады. Көрмеде Еуропаның жаңа технологиялары және түрік мемлекетінен көптеген ауылшаруашылығы техникалары таныстырылды: жылыжай, бау-бақша, гүл және бақша өсімдіктері, егіншілікке арналған технологиялар мен жабдықтар, суару жүйелері, тұқым мен көшет өсіру, өсімдіктерді қоректендіру және қорғау, тағы да басқа салалар қамтылды. Бұл біздің шаруаларға ісін ілгерілетуге, жаңа технологияларды енгізуге үлкен мүмкіндік»,- дейді Қазақстан жылыжайлар қауымдастығының төрағасы Қанат Қошман.
Көрме аясындағы «Шаруа–2025» семинар-конференциясында агросекторды дамыту, фермерлерді қолдау, су ресурстарын тиімді пайдалану, экспорттық әлеуетті арттыру және инновациялық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды. Конференцияда мамандар төмендегі өзекті тақырыптар қозғалды:
- ыстық кезеңде қияр өсірудің ерекшеліктері;
- заманауи тыңайтқыштарды қолдану арқылы жеміс өсірудегі тиімді шешімдер, арамшөптен қорғау әдістері;
- топырақ ылғалдылығын бақылау және құрғақ аймақтарда ылғалды үнемдеу;
- жаңартылатын энергия көздері мен оларды жылыжай шаруашылығында қолдану жолдары.
Халықаралық көрме 3 күнге созылды.
Халықаралық көрмеге қатысқан шетелдік және отандық компаниялар заманауи агрохимиялық өнімдерін, тыңайтқыш түрлерін және өсімдіктерді қорғау технологияларын ұсынды. Көрме алаңы агробизнесте тәжірибе алмасу мен жаңа әріптестіктер орнатудың маңызды орталығына айналды.