Басқа театрлар өз алдына бір әлем болса, қуыршақ театры бір төбе ғой, шіркін. Мұнда бәрі басқаша, өзгеше. Қуыршақ театры ғажайыпқа, құпияға толы. Оның әртістері де, сахнасы да өзгелерге ұқсамайды. Аталған театрдың басты әртістері ол - қуыршақтар. Әр спектальге әр беретін осы қуыршақтарды қайдан алады, оларды кім жасайды деп бір сәтке ойланып көрдіңіз бе?
Шымкент қалалық қыршақ театрында бүгінде 600-ге жуық қуыршақ бар. Әрине бұл қуыршақтың барлығын ерекше мамандық иелері жасайды. Олар - суретші-бутафорлар. Театрдың суретші-бутафоры Талғат Дүйсенбеков он саусағынан өнер тамған шебер. Түрлі заттан бұйымдар жасап жүрген маманның қуыршақ театрында еңбек етіп жүргеніне 2 жыл болыпты.
«Мен бұған дейін қолөнермен айналысып келдім. Екі жылдан бері осы театрда қуыршақ жасаймын. Қуыршақ жасау өте қызықты жұмыс. Егер адамның қабілеті, ебі болса кез-келгені үйрене алады. Ең алдымен, біз өз арамызда жиын өткіземіз. Бұл жиында спектальдің режиссері, театрымыздың қоюшы-суретшісі, қуыршақ шеберлері – барлығы өз ойларын ортаға салып, талқылайды. Алдымен қуыршақтың образы, бейнесі, жасалу техникасын ақылдасамыз. Әр қарай жұмысқа кірісеміз. Суретшілер қуыршақтың дизайнін қағазға түсіріп береді. Біз сол суретке «жан» бітіріп, қуыршақ жасап шығарамыз. Әрине көп жағдайда тура суреттегідей болмайды. Себебі оны жасау барысында түрлі қиындықтар кездеседі. Соны ақылдаса отырып, қиюын келістіріп жасап шығарамыз. Әртістерге ыңғайлы болу жағын да қарастырамыз. Кейде олар «Қолым сыймай жатыр. Мына жерін үлкейтіп беріңізші, мына жерін түзетіп беріңізші» деп айтады. Сосын қуыршақты әртіске бейімдеп жасап береміз»,- дейді шебер.
Бала болмысының қастерлі мекені – қуыршақ театрында қуыршақтардың жасалу техникасы күрделі әрі қызық. Марионетка, шағын кейіпкерді бейнелейтін планшетті, адам бойымен бірдей таяқ қуыршақтар, бес саусақты қолғап қуыршақтар, қай-қайсысын болса да, қуыршақ шеберлері нақышына келтіріп жасап жүрген жайы бар.
«Барлық суретші өзінің туындысын сырттап бақылап, қалай шыққанын көргісі келеді. Спекталь кезінде бізде кейде қуыршақтарды тамашалаймыз. Қуыршақ жасау бұл жәй ғана жұмыс емес, бұл – өнер, бұл-шабыт. Мысалы мен бір қуыршақты жасап бітсем жаным рахаттанады. Мүмкін бұл өз ісіңе, мамандығыңа деген махаббат пен адалдық шығар»,- дейді кейіпкеріміз.
Ия, сахнадағы әрбір кейіпкердің артында осындай көрінбейтін еңбек иелері бар екенін ұмытпайық.