Шымкент – жасыл қала және саябақтар қаласы. Бүгінде қала тұрғындары мен қонақтары үшін бірнеше жайлы да әсем саябақтар ашылған. Солардың ішінде көнелерінің бірі, қаланың өсіп-өркендеуіне куә болған мекен - металлургтер саябағы. Жайқалған жасыл желекті мекеннің күтімі, тазалығы, әсемдігіне жауап беретін бір маман бар. Ол табиғаттың нағыз жанарышы Күлзинат Мамутова.
15 жылдан бері Шымқаланың саябақтарына күтім жасап келе жатқан ол бұл саланың қыр-сырын әбден меңгерген. Күлзинат ханымның табиғатқа етене жақын болуы бекер емес. Ол табиғаты әсем, таулы, нулы өлке Төлеби ауданы Зертас ауылының тумасы. Бала күнінен тау мен тас, бау-бақшаның ортасында өскен кейіпкеріміз табиғатты аялауды өскен ортасы , туған жері үйретті. Ауылында мектепті бітірген соң Шымкент қаласындағы пединститутқа түседі. Жас маман қаладағы «Тұрмыстық қызмет көрсететін» мекемеде («Дом быта») кадр бөлімінің меңгерушісі ретінде еңбек жолын бастайды. Көп ұзамай Шардараның келіні атанып, үйлі-жайлы, балалы-шағалы болады. Бірақ шағалалы ауданда лайықты жұмыс табылмағасын отбасымен Шымқалаға көшіп келеді.
«Қалаға көшіп келгенімізге 20 жылдай уақыт болды. Мұнда келгесін осы саябақтарда жұмыс істедім. Алғашқыда қалалық әкімдіктің алдындағы саябақта, « Нұрсат » аллеясында жұмыс істедім. Кейін мені осы Металлургтер саябағына ауыстырды. Мен келгенде саябақ күтімсіз қалған те ескі күйде еді. Кейін басшылар жаңғырту жұмыстарын қолға алып, саябақ жаңа кейіпке еніп, екінгі тынысы ашылды. Жаңғырту жұмыстарына осындағы қызметкерлер де ат салысты. Ағаштарды егіп, абаттандыру жұмыстарын жүргіздік»,- деген кейіпкеріміз, саябақтың жауна, флора әлемінің бай екенін айтады.
«Саябақтағы ең ескі ағаштар - емендер. Саябақ жаңадан ашылған кезде қорғасын зауытының жұмысшылары өз қолдарымен осы емендерді еккен. Емендердің жасы шамамен 65-70 жылды құрайды. Кейін біздер ақ қайың, шырша, қарағай секілді ағаштарды отырғыздық. Бұл саябақтың әрбір ағашы мен үшін қымбат. Ерте көктемде олардың бүршік атқанын, шешек жарғанын, гүл ашқанын көру мен үшін бақыт»,- дейді ол.
Күлзинат Мамутованың жұмыс күні 7 –де басталады. Саябаққа келгесін өзге қызметкерлердің басын қосып, кішігірім жиналыс өткізеді. Бүгінгі күннің жоспарын айтып, әр маманға міндеттерін бөліп береді.
«Мен саябаққа күнделікті келетін тұрғындармен жүз таныс болып қалдым. Біраз уақыт көрінбей қалса оларды іздеп тұрамын. Халық әрдайым алғысын жаудырып жатады. "Осы саябақтың аурасы басқа, ауасы таза, іші жарқырап тұрады. Осының бәрі сіздің арқаңыз" деп мақтап та алатын жандар бар. Әрине мұның барлығы осындағы 10 шақты қызметкердің адал еңбегінің жемісі деп білемін»,- дейді табиғат жанашыры.
Табиғатты аялап, қаламыздың экологиясының жақсаруына үлес қосып жүрген Күлзинат Мамутова секілді еңбек адамдарының арқасында шаһарымыз одан әрі жасыл желекке орана бермек.