Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ұжымы мен студенттері «Ғұмырын білімге, жүрегін елге арнаған ардақтылар» атты концерт ұйымдастырды.
Бұл мереке жас мамандарды даярлауға үлес қосып жүрген әрбір ұстазға ортақ. Кәсіби күні университет оқытушылары марапатталып, құрметке бөленді. Еңбегі еленген ұстаздарға алғыс хат табысталды.
«Студенттер өте тәрбиелі, білімді деп айтсақ болады. Мұғалімдердің адал еңбегінің осылай бағаланғанына қуаныштымын. Болашақ педагогтарды дайындау оңай емес. Сондықтан әр ұстаздың еңбегі зор. Барлығына күш-қуат, жігер тілеймін»,- дейді офис тіркеуші Седеп Сайлаубай.
Шараға студенттер де белсене қатысты. Ұстаз – ұлт айнасы екенін айтқан жастар сахнада ән шырқап, би биледі. «Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» дейді. Иә, ұстаз болу өте күрделі. Бұл – тек білім беру ғана емес, жас ұрпақты келешекке жетелеу. Мұғалімдерді әрдайым құрметтеу қажет. Оларды марапаттап, қолдау – ұлттың басты міндеттерінің бірі деп ойлаймын»,- дейді оқу орнының студенті Жанболат Кеңесбеков.
Оңтүстікт өңіріндегі білімнің қарашаңырағы саналатын книверситет басшылығы ұжым қызметкерлері мен профессор-оқытушылар құрамын кәсіби мерекемен құттықтап, білім саласына қосқан үлестерін атап өтті. "Кез келген маманды дайындайтын – ұстаз. Біздің оқытушы-профессорларымыз педагогика саласын жоғары деңгейде дамытып қана қоймай, ғылымға да айтарлықтай үлес қосып жүр. Осындай шаралар ел экономикасының өркендеуіне септігін тигізеді. Сондықтан бүгінгі кәсіби мерекеде барша әріптестерімізді шын жүректен құттықтаймыз»-, деді Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ басқарма төрағасы-ректор міндетін атқарушы Әлібек Нұртаев.
Айта кетейік, қазіргі таңда Ө.Жәнібеков университетінде 434 оқытушы-профессор еңбек етуде. Оның 18-і – ғылым докторы, 172-сі – ғылым кандидаты. Сондай-ақ, 35 PhD, 90 аға оқытушы мен 87 оқытушы жас мамандарды тәрбиелеуде.
ОҚПУ - көпжылдық дәстүрлер мен заманауи білім беру технологияларын біріктіретін жетекші педагогикалық университет. ОҚПУ - білім берудің болашағын өзгертетін мамандарды даярлацды.Оқу орны 1937 жылдан бері жұмыс атқарып келеді. Ғасырға жуық уақытта көптеген жетістіктерге жетіп, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп шығарған. Түлектері қазіргі таңда Қазақстан және шет елдерде қызмет атқаруда.