Шымкент – бүгінгі заманауи мегаполис қана емес, терең тарихтың, бай руханияттың, қазақылықтың қайнар көзі. Бұл қала көне мен жаңаның, салт пен серпілістің тоғысқан мекені. Оны тек дамып келе жатқан ірі қала ретінде емес, тарихтың тереңінен сыр шертетін қасиетті шаһар ретінде тануымыз керек.
Жергілікті тарихшылардың айтуынша, Шымкенттің іргетасы тым әріден бастау алады. Белгілі драматург Сая Қасымбек те бұл туралы былай дейді: «Шымкенттің тарихы тереңде. Бізді көбіне мәдениеті кейін қалыптасқан деп кемсіткісі келеді. Бірақ, бұл шындыққа жанаспайды. Шымкенттен табылған көне қазбалар мен су кәріздері ежелден-ақ мұнда өркениетті өмір салты болғанының дәлелі. Тұран даласында жазу мәдениеті де бұрыннан қалыптасқан. Сақ заманында-ақ теңге соғылып, банк жүйесі жұмыс істеген. Бұл мемлекет болғанымыздың айғағы болса керек. Шымкент тек көшпенділер мекені емес, қалалар өркендеген, сауда-саттық, қолөнер, ғылым мен мәдениет дамыған ірі орталықтың бірі болған. Қаланың дәл іргесіндегі көне қалашықтар Испиджаб, Сайрам, Шымкенттің өз аумағында табылған археологиялық жәдігерлер бұл жердің ежелгі мәдени ошақ болғанын дәлелдейді»,- деді.
Тарихи тақырыптарға көп қалам тербейтін драматургтың айтуынша, жаз жайлау, қыс қыстау болғанымен, бұл өлкеде жартылай көшпелі өмірмен қатар отырықшылық та қатар дамыған. Жер өңдеді, қала тұрғызды, арық қазып, суарылым жүйесін құрды. Шымкенттің кәріз жүйелері мен су арналары сол дәуірдегі инженерлік ойдың биіктігін көрсетеді. Ал, көшпелі өмірмен біте қайнасқан мәдениет салт-дәстүрге деген беріктікті, табиғатпен үйлесімділікті сақтап қалған. Осыдан-ақ, расында да бұрыннан мәдениетіміздің дамығанын аңғаруға болады.
Сая Қасымбек өз сөзін: «Бүгінгі Шымкент сол көне тарихтың жалғасы. Қазіргі заманның жаңа ғимараттары мен ескерткіштері ежелгі өркениеттің жаңа тыныс алған көрінісі тәрізді. Біздің қаламыз, күн сайын көркейіп келе жатқан шым шаһарымыз ата-баба рухының, ерлік пен еңбектің, өркениет пен өнердің тоғысқан жері. Мұнда қазақы болмыс әлі де жақсы сақталған. Әжелердің ақ жаулығы, аталар сөзінің салмағы, ұлттық тағам мен дәстүрлі тәрбие, бәрі де Шымкенттің қайталанбас болмысын айқындай түседі. Тек географиялық емес, рухани тұрғыдан да Оңтүстіктің жүрегі, қазақ елінің тарихи жауһары» деп қорытындылады драматург.