Теміржол жай ғана көлік жүйесі емес, мемлекеттің экономикалық күретамыры, стратегиялық әлеуеті, ұлт өмірінің өзегі. Осы ауқымды салада жанқиярлықпен еңбек етіп, өзінің өмірін темір жолмен біте қайнастырып келе жатқан жандардың бірі Данияр Жұмасейітов. Кейіпкеріміз нағыз еңбек адамының, жауапкершілік пен табандылықтың символы десек әсіре айтқандық, мақтанғандық болмас.
Данияр Жұмасейітовтің теміржол саласындағы еңбек жолы 1998 жылы Шымкент локомотив пайдалану депосында машинист көмекшісі ретінде басталды. Жастайынан техникаға қызығушылығы мол, жауапты іс пен қауіпсіздік талабын бірінші орынға қоятын Данияр аз уақыттың ішінде өз ісінің шебері атанып, жоғары жауапкершілік жүктелген машинист қызметіне көтерілді.
25 жылдан астам уақыт ішінде ол мыңдаған шақырым жол жүріп, жолаушы мен жүк пойыздарын межелі мекенге аман-есен жеткізді. Бұл теміржолшы үшін басты міндет әрі абыройлы борыш болса керек. Жұмыс барысында ешбір төтенше оқиғаға жол бермей, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, өзінің кәсіби шеберлігін дәлелдеп келеді.
Бүгінде Данияр Жұмасейітов машинист-нұсқаушы ретінде қызмет атқарып жүр. Бұл тәжірибе мен білім, сабыр мен біліктілік қатар жүретін маңызды миссия. Ол жаңа келген жас мамандарды үйретіп, оларға өз тәжірибесін бөлісіп, қиын да күрделі теміржол әлеміне жол сілтеуде. Әріптестері оның сабырлылығын, ұқыптылығын, кәсіби адалдығын ерекше бағалайды.
«Теміржол тәртіп пен нақты ережелерге бағынатын сала. Бұл жерде әрбір шешім мен әрекет қауіпсіздікпен өлшенеді. Жас мамандарға әрдайым айтарым: теміржолды жүрекпен сезіну керек. Қауіпсіздік бәрінен жоғары», – дейді Данияр Жұмасейітов.
Ол шәкірттеріне тек техникалық білім ғана емес, еңбекке адалдық, кәсіби этика, теміржолшы болудың биік жауапкершілігін де үйретеді. Жас машинистер үшін оның тәжірибесі құнды қазынаға айналған.
Қоғам үшін аса маңызды саланың майталманы болған Даниярдың еңбегі елеусіз қалған емес. Ол бірнеше рет салалық марапаттарға ие болып, әріптестері арасында зор құрметке ие. Алайда өзі бұл марапаттарды емес, теміржолда қауіпсіздікпен атқарылған әр рейсті басты табыс санайды. Еңбек адамын марапаттан гөрі, істің нәтижесі қуантады. Жүйткіген пойыздардың уақытылы жетуі, жүк пен жолаушының қауіпсіздігі осындай адал қызметкерлердің арқасы.
Данияр Жұмасейітов нағыз еңбек адамының жарқын үлгісі. Ол теміржолда жүріп қана қоймай, өзінен кейінгі ұрпаққа үлгі бола білді. Бүгінде оның тәрбиесінен өткен жас мамандар еліміздің түкпір-түкпірінде теміржол саласын алға сүйреп келеді.