Шымкент қаласындағы «Нұртас» зияткерлік мектебінің ұстазы Хатира Мырзабаева білім мен тәрбиені егіз ұғым ретінде ұстанып келе жатқан білікті педагог. Отыз жалға жуық уақытын өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, саналы тәрбие иесі болуына арнаған ұлағатты ұстаз үшінші мегаполистегі нағыз еңбек адамдарының бірі.
Хатира Ноғайбекқызы бүгінде аталмыш мектепте бастауыш сыныптар бойынша директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. Ұстаздық жолында талай жеткіншектің жүрегіне білім нұрын сеуіп қана қоймай, жас әріптестерінің кәсіби шыңдалуына да үлесін қосып жүр. Оның пайымынша, шынайы ұстаз – тек пән үйретуші ғана емес, тәрбиенің шамшырағы болуы тиіс.
«Ұстаздардың ұстазы Әбу Насыр Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Бұл ғасырлардан асып жеткен өмірдің заңы, шындығы Бастауыш білім баланың болашағын айқындайтын негіз. Сол себепті біз оқушының бойына біліммен қатар адамгершілік, ізгілік, отансүйгіштік қасиеттерді де дарытуымыз керек. Бастауыштағы білім арқылы балаланың болашағы құрылады. Сондықтан жұмысымның жауапкершілігін жақсы білемін», – дейді Хатира Мырзабаева.
Кейіпкеріміздің еңбек жолы қажыр-қайрат пен табандылықтың, жүйелі жауапкершіліктің, мамандыққа деген махаббатың үлгісі. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерді оқуға бейімдеп, ұстаздыққа қадам басқан жас мұғалімдерге бағыт-бағдар беру, әлбетте, үлкен жауапкершілік. Бұл жауапты міндетті абыроймен атқарып келе жатқан кейіпкеріміз бүгінде өзі қызмет ететін білім ордасының көшбасшы педагогтарының біріне айналған.
Ұстаздың тынымсыз еңбегі елеусіз қалмады. Былтыр өткен Еңбек күніне арналған салтанатты шарада Хатира Ноғайбекқызы қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, озат педагогтар қатарынан табылды. Бұл тек бір ұстаздың емес, бүкіл ұжымның ортақ марапаты. Сонымен қатар, бұл марапат қоғамның дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарына деген құрметтің көрінісі болса керек.
Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында аянбай тер төгіп келе жатқан Хатира Ноғайбекқызы сынды ұстаздар еліміздің ертеңін жарқын ететін нағыз еңбек майталмандары. Қоғамның тірегі осындай ұлағатты ұстаздар. Өйткені, ел болашағы білімді де тәрбиелі ұрпақтың қолында. Ал сол ұрпақтың бойына ізгіліктің дәнін сеуіп жүрген еңбек адамдары, әрине, әрдайым құрметке лайық.