Жалын оттың арасынан адам өмірін құтқарып қалу асқан шыамдылық пен қажымас қайратты талап етеді. Олардың әбір күні өмір мен өлімнің арасындағы көпір іспеттес. Осы салада талай жылдан бері тер төгіп жүрген маманның бірі Абылай Күлбаев. Оның өрт сөндіруші болатынын анасы құрсағында жатқанда-ақ білсе керек.
«Анамның маған аяғы ауыр кезінде бір сыған әйел іштегі балаңның мәртебесі биік болады. Иығынан пагон көріп тұрмын деп болжам жасаған екен. Содан бала күнімен анам өскенде өрт сөндіруші боласың» деп жиі айтатын. Өсе келе бұл саланы зерттей бастадым және жаныма жақын мамандық екенін түсіндім. Бала күнімнен адамдарға көмектескенді ұнаттым. Сондықтан мамандығым өзіме қатты ұнайды»,- деп әңгімесін бастаған кейіпкеріміз қазіргі таңда Шымкент қаласындағы №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы қызметін атқарады.
Ержүрек Абылай қызмет барысында неше түрлі оқиғалардың болатынын және кез-келген жағдайда дайын болу керектігін айтады. «2022 жылы көшеден өтіп бара жатып, бір үйдің алдында адамдардың топырлап тұрғанын байқадым. Жанымда Н.Рахым, К.Альменов деген әріптестерім бар еді. Сөйтсек 5 қабатта шамамен 6 жастағы бала балконнан бел тұсына дейін шығып, құлайын деп тұр екен. Нұрболат екеуміз дереу жоғары қабатқа көтеріліп, көршілес пәтерден әлгі бала тұрған балконға шықтық. Бұл уақытта Есігі құлыптаулы, ата-анасы үйінде болмаған. Содан көршілес пәтерге арқылы бала тұрған балконға шықтық. Бұл уақытта К.Альменов баланың назарын аударып тұрған болатын. Абырой болғанда бала бәз келгенше қимылдамай шыдап тұрды. Сөйтіп баланы құтқарып қалдық. Яғни біздің міндетіміз тек өртті сөндіріп қана қоймай, апатты жағдайлардың алдын-алу, сондай жағдайларда адамдарды құтқару»,- дейді өрт сөндіруші.
Өз өмірін қатерге тіккен Абылай Күлбаев осы ерліктен кейін Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 29 сәуірдегі №136 бұйрығымен «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны және адам өмірін аман алып қалғаны үшін» медалімен марапатталады.
«Адамдарды құтқару – сауапты іс. Әрдайым жұрттан алғыс алу – жақсылықтың нышаны. Мұның өмірімізге де үлкен септігі тиетін шығар деп ойлаймын. Сосын бұл жұмыстың басты ерекшелігі – жауапкершілік жүктейді. Тіпті, өмірде де сондаймын. Бұл мамандықтың әсері болар, сірә»,- дейді Абылай.
Абыройлы мамандықтың иесі атанып жүрген Абылай өз жұмысына тиянақты, адал, батыл әрі мейірімді жан. Әріптестері оның осы қасиетті үшін құрмет тұтады.