Жедел жәрдем шақырғанда бәріміз ең алдымен дәрігердің дер кезінде жетуін тілейміз. Ал сол ақ халаттылардың уақытында келуі кімге байланысты екенін ойлап көрдіңіз бе? Әрине, көліктің тізгініндегі жүргізушіге. Өйткені әрбір секунд санаулы, әрбір шақырту адам өмірінің тағдыры. Шымкент қаласында дәл осындай салмақты жүкті, адам тағдырына байланып тұрған парызды адал атқарып келе жатқан тәжірибелі жүргізуші, еңбек адамы Торалы Елеуісов.
1967 жылы Төлеби ауданында дүниеге келген Торалы Мергенбайұлы өмір бойы рөл тізгінін қолынан түсірмеген жан. Оның еңбек жолы көлік жүргізушілігімен тығыз байланысты. «Казсвязстрой» мекемесінде бастаған кәсіби жолы кейін «Майбұлақ» серіктестігі, «Спецавтотранспорт», «Пеленг», «Спец-Тех-1», «Триумф Аспан» сияқты түрлі ұжымдарда жалғасын тапты.
Өмір жолының бір кезеңі халық денсаулығына қызмет етуімен тығыз байланысты. 2020-2022 жылдары ол 103 жедел жәрдем қызметінде жүргізуші болып еңбек етті. Қазіргі таңда Торалы Мергенбайұлы «Klinika Qazygurt» медициналық орталығында жедел жәрдем жүргізушісі болып қызмет атқарып келеді. Мұнда да ол халықтың алғысына бөленіп, абыройлы еңбегін жалғастырып жүр.
Жедел жәрдем жүргізушісінің жұмысы жүйке мен төзімділікті, шапшаңдық пен ұқыптылықты қажет ететін ауыр да жауапты еңбек. Әсіресе қала көшелеріндегі тығыз кептелістер, тар жолдар мен ережені елемейтін жүргізушілер науқасқа дер кезінде жетуді одан сайын қиындатады.
– «Әрбір шақырту біз үшін аса маңызды. Кейде бір ғана минут адамның тағдырын шешіп кетуі мүмкін. Жолда небір тосын жағдайлар кездеседі, бірақ бізге кідіріп қалуға болмайды. Сол үшін үнемі сақтық пен жылдамдықты қатар ұстануға тырысамыз», – дейді тәжірибелі жүргізуші Торалы Мергенбайұлы.
Жедел жәрдем қызметінің жұмыс уақыты да оңай емес. Тәулік бойы кезекшілік, түнгі шақыртулар, ауа райының ыстығы мен суығы – бәріне төтеп беру керек. Кейде үздіксіз бірнеше шақыртудан соң да тынығып үлгермей, тағы бір науқасқа аттанады.
– «Бұл жұмысқа жүрек қалауымен келмесең, шыдау қиын. Себебі көлік жүргізіп қана қоймайсың, артқы орында жатқан адамның өмірі сенің қолыңда екенін білесің. Сол жауапкершілік бізді сергек ұстайды. Шаршасаң да, тоқтауға болмайды», – дейді кейіпкеріміз.
Оның айтуынша, әрбір сапардың артында бір тағдыр, бір отбасының үміті бар. Бірде инфаркт алған қарияны дер кезінде жеткізгені үшін отбасының алғысына бөленсе, тағы бірде босану үстінде тұрған әйелді перзентханаға жеткізіп, сәби мен ананың аман қалуына себепкер болған.
Жұмыс ауыр болғанымен, Торалы Мергенбайұлы бұл еңбектің абыройы зор екенін айтады. Қанша қиындық болса да, халықтың алғысы мен жылы лебізі оның барша еңбегіне берілген ең үлкен марапат. Осылайша, Торалы Елеуісов сияқты адамдарының еңбегінің арқасында талай жанның өмірі сақталып, талай отбасы жақынын аман көріп отыр.