Қаланың қым-қуыт тіршілігінде күн-түн демей еңбек етіп, мыңдаған жолаушының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – қоғамдық көлік жүргізушілері. Көпшілік үшін олар жай ғана көлік тізгінін ұстаған адам болып көрінуі мүмкін. Алайда, шын мәнінде, олар сан мың адамның амандығы мен уақытында діттеген жеріне жетуін қамтамасыз етіп жүрген нағыз еңбек адамдары. Бүгін біз сондай үлкен жауапкершілікті арқалаған жүргізушілердің бірі Шыңғыс Абдрахманов туралы сөз қозғаймыз.
Шыңғыстың өмір жолы сырт көзге қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ әрбір қадамы адалдық пен маңдай тердің жемісі. Таң ата жұмысқа асығып, кеш бата шаңырағына оралу оның өмірлік дағдысына айналған. Бұл көпшілікке таныс жағдай болғанымен, оны күн сайын қайталау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Себебі мұндай өмір салты үлкен төзімділікті, тәртіп пен жауапкершілікті талап етеді.
1976 жылы Өзбекстанның Бостандық ауданына қарасты Галабасай ауылында дүниеге келген ол еңбекпен есейіп, табиғатпен етене өсті. Жастайынан техникаға қызығып, трактордың жанынан шықпайтын. Бұл әуестік кейін мамандық таңдауына себеп болып, тракторист-машинист кәсібін игерді. Осылайша еңбекке ерте араласып, өмірдің алғашқы баспалдағына көтерілді.
Шыңғыстың тағдырындағы ең үлкен бетбұрыс 2007 жылға тұспа-тұс келеді. Сол жылы отбасымен бірге тарихи отаны Қазақстанға қоныс аударды. Жаңа ортаға бейімделу, тұрмыс-тіршілікті жолға қою оңай болмағаны анық. Дегенмен, ол қиындыққа мойымай, қайта жігерленді. Сол жылы Шымкент қаласында қоғамдық көлік жүргізушісі болып жұмысқа орналасып, жаңа өмірінің есігін ашты.
Содан бері он жеті жылдан астам уақыт өтті. Осы аралықта Шыңғыс талай шақырымды еңсеріп, мыңдаған жолаушыны діттеген жеріне аман-есен жеткізді. Жүргізуші үшін ең бастысы қауіпсіздік пен уақыт. Осы екі қағидадан айнымай келе жатқан оны әріптестері де, жолаушылар да ерекше құрметтейді.
Өміріндегі ең үлкен қуанышы - отбасы. Бес баланың әкесі Шыңғыс ұрпағына адалдық пен еңбектің қадірін үйретуді парыз санайды. «Адал еңбек қана адамды адам етеді» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған ол үшін балаларының білімді, тәрбиелі болып өсуі ең үлкен жетістік.
Иә, Шыңғыстың өмірі атақ-даңққа толы емес. Бірақ оның қарапайым еңбегі мен адалдығы құрметке лайық. Біздің қоғамды алға сүйреп тұрған да дәл осындай жандар. Шыңғыс Абдрахманов өмірін еңбекпен өрген, қарапайым болмысымен қадір тапқан жан.