Руханияттың үнсіз шырақшысы

image.png      

«Әрбір ауылдың кішкентай ғана кітапханасы бар. Есігін ашып кірген сәтте-ақ мұрныңды жарып өтетін ерекше иіс болады. Ол – ескі мен жаңаның, білім мен руханияттың, қиял мен шындықтың араласқан иісі. Сол иіс талай баланың жүрегіне кітапқа деген сүйіспеншілік ұялатты. Ішінде мен де бармын», – деп алғашқы әңгіме арнасын ашты бүгінгі еңбек адамы.

      Түркістан облысы Қазығұрт ауданының топырағында дүние есігін ашқан Ләззат Мұхамеджанқызының кітапқа деген құштарлығы ерте оянды. Әлі мектеп табалдырығын аттамай жатып-ақ әріп танып, үйдегі газет-журналдарды қызыға парақтайтын. Әкесі үнемі жаңа кітап әкеліп, шаңырақтың төрін шағын кітапханаға айналдырып қоятын. «Мектеп кітапханасынан алғаш алған кітабым  «Қызыл құйрықты ақ түлкі» еді. Сол кітап ойыма оралса, жүрегім ерекше жылып сала береді», – дейді ол. Кейін соғыс тақырыбындағы шығармаларды іздеп жүріп оқып, ағасы мен інісімен бірге кітап үшін таласқан сәттерін бүгінде езу тартып еске алады.

      Ізденіске толы балалықтың жалғасы білім жолына ұласты. Ләззат Мұхамеджанқызы Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне түсіп, Философия және саясаттану факультетін үздік тәмамдады. Армандары жетелеген жас маман оқуын аяқтаған соң елордаға жол тартты. Астанадағы алғашқы еңбек қадамын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен бастағысы келген. Дегенмен мемлекеттік қызметке қабылданғанына қарамастан, төмен жалақы күнделікті тұрмысқа жеткіліксіз болды. Осылайша, еңбек жолының бағы басқа арнаға бұрылып, жүрек қалауымен руханият саласына келді. Оның кәсіби жолы ҚР Президенттік мәдениет орталығынан бастау алды.

      «Кітапханаға келуім бала кездегі сүйіспеншілігімнің жалғасы. Кітаптардың иісін сезініп, сөрелердің арасымен жүріп кітап таңдаған сәт маған әрқашан ерекше әсер сыйлайтын. Бүгінгі еңбегім  сол бала күнгі арманымның жүзеге асқаны», – дейді ол.

     Қазір ол  Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында бөлімінің меңгерушісі. Кітапхана, оның айтуынша, жай ғана кітап сақтайтын орын емес, ол ізденістің, шабыттың, рухани тыныштықтың мекені. Әрбір оқырманның талғамына қарай бағыт беру, жаңа дүниелерді насихаттау  күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігі.

      Жастардың кітапқа қызығушылығы туралы әңгіме қозғағанда, Ләззат ханымның үні үмітке толы. Бүгінгі буын көркем әдебиеттен бөлек, психология, тұлғалық даму, мотивациялық шығармаларды, тіпті шетел әдебиетін де іздеп оқиды екен. Ал үлкен буын халық ауыз әдебиетіне, тарихқа, денсаулыққа қатысты еңбектерді сұрайды.

     Жұмыс барысында есте қалған сәттер де аз емес. Бірақ ол үшін ең үлкен қуаныш оқырманға қалаған кітабын тауып беру. Қиындықтары бар ма дегенде, ол бір сәт ойланбастан: «Мен үшін қиындық жоқ. Әр оқырманмен жүздесу – қуаныш», – деп жауап береді.

      Жылдар бойғы еңбегінің еленген тұстары да бар. Ләззат Қалтаева – ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының «Кітапхана саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Бұл  оның рухани саладағы қажырлы еңбегінің лайықты бағасы. 

       Болашақтағы кітапхана мен кітапханашының бейнесі туралы ойымен де бөлісті: «Болашақта кітапханашы мамандығының сипаты өзгереді деп ойлаймын. Бұрын олар тек кітап сақтап, оқырманға берумен айналысса, қазір ақпарат ағынын реттеп, дұрыс дереккөзді ұсынатын ақпараттық менеджерге айналып келеді. Алдағы уақытта кітапханашыларға IT саласын меңгеру қажет болады, себебі олар электронды каталог, деректер базасы, жасанды интеллект және цифрлық мұрағатпен жұмыс істейді. Сонымен бірге медиа және ақпараттық сауаттылықты да білуі керек. Технология қанша дамыса да, кітапханашының орнын ештеңе баса алмайды. Өйткені оқырманға бағыт-бағдар беру, түсіндіріп, кеңес айту әрқашан маңызды болып қала береді.», – дейді кейіпкеріміз.

     Ләззат Мұхамеджанқызы – көзге көрінбейтін, бірақ қоғам үшін айрықша маңызды еңбектің иесі. Ол халыққа рухани демеу, жастарға жол көрсететін шырақ.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Құтқарушы дәрігер - құрметті мамандық
  • Жолдаудан кейінгі ой: Шымкенттік педагог ЖИ-дің білім саласына қосар үлесіне сенімді
  • Өнерді өрнектеген қолтаңба
  • Қоғамдық көлік жүргізушісінің жүгі
  • Жұмысына адал жас маман
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер