Адал еңбектің өтеуі қашанда – марапат пен құрмет. Бұған Астанада өткен республикалық ұстаздардың Тамыз Конференциясы куә. Бұл кеште білім саласында жанкешті еңбек еткен мамандардың мерейі үстем болды. Жиында Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернатының директоры Сәуле Тұрарбекқызы Жүнісбекова «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.
Сауле Тұрарбекқызы – білім беру саласында 38 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі педагог, 21 жылдан бері арнайы мектеп-интернатты басқарып келеді. Ұзақ жылдық еңбегі мен кәсіби біліктілігінің арқасында мектеп-интернат ұжымы мен тәрбиеленушілері түрлі байқаулар мен жарыстарда жоғары жетістіктерге жетіп жүр.
Ол - білім мазмұнын жаңартуға, педагогтар тәжірибесін жетілдіруге, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың әлеуетін ашуға үлкен үлес қосып келеді.
Қай ортада болмасын ұжымына жанашыр, шәкірттеріне мейірімді, іскер де ұйымдастыру қабілеті жоғары басшының еңбегі лайықты бағаланды.
Айта кетейік Президент жиында қоғамда мұғалімдердің орны бөлек екенін айтты. «Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есеге артты. Осы уақытта 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп салынды. Бұдан бөлек, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысына алпыстан астам мектеп салынды. Тағы 30-ға жуығы салынып жатыр.
«Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді. Бүгінде 74 мұғалім осы құрметті атаққа ие болды. Былтыр 2 ұстаз «Қазақстанның Еңбек ері» атанды. Бұл – барша педагогтер қауымына көрсетілген зор құрметтің белгісі.
Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту әрдайым басты назарда. Соңғы төрт жылдың ішінде олардың жалақысы 2 есе өсті. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді. «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы қолға алынды. Осы жобаға қатысқан 332 маман мектеп директоры болып тағайындалды. Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылды. Ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс»,- деді Қ.Тоқаев.