Сөз салмағын ұғынған қазақ табиғатынан еңбексүйгіш халық! Жаны таза, ниеті адал қазақ арам жолмен табылған нанды дастарқанына қоймаған, күдіктенсе, бөтеннің дастарқанынан дәм татпаған текті халық. Әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, мәдени байлықтар адам еңбегімен жасалатындықтан, әлеуметтік жаңғырту да өнімді еңбектің арқасында жүзеге асатыны мәлім. Бүкіл қоғам адал еңбекке бет бұрып, тынымсыз әрекеттенсе, азаматтардың тұрмысы түзеліп, әлеуеті артып, мемлекеттің даму деңгейі артатыны анық. Мұндай игілікке бастайтын ізгі жол – масылдықтан арылу.
Бүгінде түрлі еңбек адамдары түрлі салада қызмет етіп келеді. Олар кез-келген саланың, мекеменің, кәсіпорынның негізгі тірегі мен жүрегі. Осындай нағыз еңбектің адамдары қандай құрметке болсын лайықты. Мектеп – бұл балаға әріп пен есепті үйрететін орын ғана емес. Мұнда мыңдаған адам - білім мен ғылым, тәрбие жолында аянбай еңбек етіп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Олардың қажырлы еңбектері бағалауға тұрарлық.
Жақында Астана қаласында Тамыз конференциясында бірқатар ұстаздар марапатталған болатын. Олардың қатарында - Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №66 жалпы орта білім беретін мектептің ағаш ұстасы Арынбеков Қайрат Тұрғанбекұлы да бар. Ол Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен марапатталды.
Биылғы Тамыз конференциясы алғаш рет тек ұстаздарды ғана емес, сонымен қатар білім беру ісіне өз еңбегін сіңіріп жүрген жұмысшы мамандықтарының өкілдерін де марапаттауымен ерекшеленді.
Бұл жаңашылдық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында жүзеге асырылып, білім беру мекемелеріндегі әрбір қызметкердің еңбегін бағалаудың айқын көрінісіне айналды.
Елордада өткен «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» республикалық тамыз кеңесінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев педагогтармен қатар, мектеп пен балабақшалардың техникалық қызметкерлерін, медицина, құрылыс, полиция сияқты қоғам игілігіне қызмет етіп жүрген мамандарды марапаттады.
Бұл құрмет – Сіздің адал еңбегіңіздің, кәсібіңізге деген жауапкершілігіңіздің нәтижесі. Құрметті Қайрат Тұрғанбекұлы, еңбегіңіз жана берсін! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, алдағы жұмысыңызға табыс тілейміз.