Бүгін Шымкент қаласындағы Көрме орталығында педагогтерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Мақсаты жас мамандар мен білім беру ұйымдары арасындағы тікелей байланысты нығайту. Іс-шараны Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша жәрмеңкеде 60 мекеме басшысы 344 бос жұмыс орнын ұсынды: 243 — мектеп мұғалімі; 60 — балабақша тәрбиешісі; 41 — қосымша білім беру маманы. Сонымен қатар, қатысушылар НОБД HR жүйесі арқылы тіркеліп, құжат тапсыру тәртібімен танысты.
«HR тіркеу бұрышында» мамандар ЭЦҚ арқылы онлайн тіркеуге көмектесті. Жүсіп баласағұн атындағы №6 мектеп директоры да жас мамандарды іздеп келіпті. Білім ордасы басшысының сөзінше мектепте 6 бос жұмыс орны бар екен. Мұндай ашық форматтағы іс шаралар жұмыс іздеушіге ғана емес жұмыс берушіге де тиімді екенін жеткізді.
«Біздің мектеп 6 бос ваканция жариялап отыр. Оның ішінде бастауыш сынып мұғалімі, математика, физика, география және ән-күй пәндерінен мұғалім қажет. Мұның барлығы орыс сыныптары үшін. Сондай-ақ, хореграф керек. Жалпы жәрмеңке жақсы мүмкіндік. Екі тарап бір-бірін көріп, толығырақ ақпарат ала алады. Сұхбат құрып, екі жақтың мүмкіндіктерін біле алады»,- дейді Жүсіп Баласағұн атындағы №6 мектеп директоры Гүлнара Омарова.
Бұл алаң жас педагогтердің еңбек нарығына бейімделуіне, тәжірибе жинауына және өз әлеуетін көтеруіне жол ашады.
«2025-2026 оқу жылдары тұңғыш рет Шымкент қаласында әкімдіктің қолдауымен, білім басқармасының ұйымдастыруымен педагогтарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкенің басты мақсаты биылғы жылы педагогикалық колледждер мен жоғары оқу орындарын бітіріп шыққан жас түлектерді жұмысқа орналастыру, кәсіби өмірлеріне нық қадам басуға жағдай жасау. Бірнеше жылдан бері педагогикалық дипломдары бар, бірақ жұмысқа орналаса алмай жүрген мамандарымыз үшін де бұл жәрмеңке жәрдемші болды. Жалпы негізгі мақсатымыз- білім беру ұйымдарындағы жұмысқа орналасудың ашықтығын халыққа жариялау»,- дейді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова.
Айта кетейік, грант негізінде оқыған, GPA көрсеткіші 3,33 және одан жоғары, сондай-ақ, сертификаттаудан өткен түлектер конкурссыз жұмысқа қабылданады.