Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында, әділ қоғамда еңбекқор адамға басымдық беру керек деп айтылды. Яғни, қазақстандық қоғамда еңбекқор ұлт идеологиясын дамыту қажет. «Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек»,- деді Президент.
Жұмысшы мамандықтар жылы – 2025 аясында ел экономикасы мен қауіпсіздігі үшін аса маңызды салалардың бірі – азаматтық және әскери авиацияда еңбек ететін ұшқыш мамандығына ерекше назар аудару қажет.
Ұшқыш – жоғары кәсіби дайындықты, техникалық сауаттылықты, жылдам шешім қабылдау қабілетін және үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Бұл маман иелері жолаушылардың, жүктің немесе арнайы тапсырмалардың қауіпсіз әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етеді. Олар күрделі метеорологиялық жағдайларда, әртүрлі биіктікте және халықаралық әуе кеңістігінде ұшуға дайын болуы тиіс.
Шыны керек, біз ол кісілерді көре бермейміз. Бірақ бұлттардың арасынан адаспай жол тауып, нағыз «еңбек адамы» деген атқа лайық жандардың бірі – ұшқыштар. Ұшқыш болу – тек мамандық емес, ерік-жігер мен жауапкершілікті талап ететін, оқуды тоқтатпайтын сала.
Аталмыш мамандықтың маңыздылығы – елдің көлік инфрақұрылымын дамытуда, халықаралық байланыстарды нығайтуда, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету мүмкіндігін қамтамасыз етуде ерекше көрініс табады. Әскери авиацияда қызмет ететін ұшқыштар мемлекеттің қорғаныс қабілетін күшейтуге тікелей үлес қосады.
Ұшқыш болу – табандылық пен үздіксіз оқуды талап ететін күрделі жол. Бұл салада жұмыс істеу үшін теориялық біліммен қатар, практикалық дайындықтың жоғары деңгейде болуы шарт. Авиациялық қауіпсіздікке қойылатын халықаралық талаптардың үнемі жаңартылып отыруы мамандардың кәсіби деңгейін тұрақты түрде жетілдіріп отыруын қажет етеді.
Ұшқыш болу біз ойлағандай оңай емес екен. Сондықтан әр адамның еңбегін бағалап, бәріне бірдей құрмет көрсетейік.