Металлургтер өндіріс қуатын арттырып, индустриялық дамуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан білікті мамандар. Металлург – құрметті мамандық. Жылдар бойғы еңбегі, жоғары біліктілігі және өз ісіне деген үлкен сүйіспеншілігінің арқасында көпке үлгі болып жүрген жанның бірі – Виктор Шевко. Металлургияның майталманы атанған Шевконың есімі бүкіл қазақ еліне жақсы таныс. Осы салада талай жыл ізденіп, еңбектер жазған профессор. Оның білімі мен біліктілігі, еңбек жолы талай жас өреннің осы мамандықты таңдауына себеп болды. Бар ғұмырын осы салаға арнаған кейіпкеріміз 1964 жылдан бері Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде шәкірттерге дәріс беріп келеді. Оның «мектебінен» талай металлургтер түлеп ұшты. Бүгінде жасы 80-ге таяса да ғылымды, ұстаздықты тастаған емес.
«Бұрындары «кім ақпаратты билейді, сол әлемге үкімін жүргізеді» дейтін нақыл сөз болатын. Қазір металлургтер мен аналитиктер арасында басқа түсінік қалыптасқан. Ендігіде қай мемлекеттің шикізаты мол және оны өңдейтін технологиясы бар, сол ел алға озады. Бұл ретте Қазақстанның болашағы жарқын деуге болады. Өйткені, бізде шикізат қоры өте көп. Технологиямыз да жеткілікті»,- дейді металлург.
Техника ғылымдарының докторы әлі де ғылымнан қол үзген емес. Металлургия саласының қыр-сырын ашып, болашақ мамандарға азық болатын дүниелерді зерттеуден жалыққан емес. Ол 5 жыл бұрын ферроқорытпа бағытында жаңалық ашып, салада дүмпу жасаған. Жоба ғалам ғалымдарын таңдандырып, Виктор Шевко Петр Капица атындағы сыйлықтың лауреаты атанған.
«Фероқорытпа – темір мен басқа металдардың жоғары температурада бірігіп жасалатын қатты қорытпасы. Жүк көтеретін төзімді болат жасау үшін қажет. Егер фероқорытпа болат технологиясына негізделмесе болат сапасыз болып шығады және оны ешкім алмайды. Біз фероқорытпаға өзгеріс енгіздік. Тың технолгияны қолдана отырып бір мезетте бір апараттан корбит калций мен ферроселиций алдық. Бұндай технологияны бізге дейін жаһанда ешкім қолданған жоқ. Мұнымен ғана шектеліп қалған жоқпыз. Қазір де тың жоба даярлау үстіндеміз»,- дейді ғалым.
Виктор Шевко үшін металлургия — жай ғана мамандық емес. Бұл – өмірлік таңдау. Ал мұндай мамандардың арқасында еліміздің өндірістік әлеуеті артып, сапалы өнім шетел нарығында да өз орнын тауып, білікті кадрлар даярлануда.