Халқымыз әрқашан да қарапайым еңбек адамдарын құрметтеп, олардың әрбір ісіне өздерінің алғыстарын білдіріп отырған. Ел Президентінің әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілетінін айтуы, соған орай, мемлекетімізде «Еңбек адамына құрмет – елге құрмет» саясатының қалыптасуы осының жарқын көрінісі. Мұндағы басты мақсат жалпы қоғамның адал еңбекке деген құрметін арттыру болып табылады. Елімізде өзінің терең білім-білігімен, кәсіби шеберлігімен, адами қасиеттерімен жұртшылықтың ризашылығына бөленіп жүрген қарапайым еңбек адамдары аз емес. Солардың қатарында өмірінің отыз жылдан астам уақытын медицина саласына арнаған – Ұлжан Керімбекова. Шымкент қалалық перзентханада акушер болып қызмет атқаратын кейіпкеріміз бүгінге дейін талай әйелді босандырып, ана атандырған. Науқастар мен аяғы ауыр немесе толғақ қысқан әйелдерге дер кезінде көмек көрсету жолында ол күн мен түнге, ауа райына, демалысқа, мерекеге қарамай, үнемі жүкті аналардың жанынан табылады. Себебі Гиппократқа берген антына адал.
Ұлжан Керімбекова – 1988-1992 жылдары медициналық колледжді тәмамдаған. Содан бері ақ халатын кірлетпей өз ісін адалынан атқарып келеді.
«Алғаш жұмысқа орналасқанымда ұжым мені өте жақсы қарсы алды. Барлығымен тез тіл табысып кеттім. Аналарды босандырып, оларға бақыт сыйлау менің де жанымды жадыратады. Қуаншытарына ортақтасамын. Акушер – өте керемет мамандық. Өз мамандығымды өте жақсы көремін»,- деді Ұлжан Бахашқызы.
Бар өмірін жұмысқа арнаған Ұлжан Керімбекова - нағыз кәсіби маман. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деп хакім Абай жырлағандай, әрқашан да өзінің адал еңбегіне, біліктілігіне сеніп келеді және бұл сенімі оны ешқашан алдаған емес.
Медицинаның кез келген қызметкері сияқты, акушердің функциялары сауатты дәрігерлік қолдау көрсету болып табылады. Акушерлердің міндеттері жүктіліктің барысы мен босануды қадағалаумен аяқталмайды. Олар жаңа туылған ана мен баланың жағдайын мұқият бақылайды, егер қажет болса, олар терапияны, қажетті анализдерді тағайындайды.
Акушер – сәби мен ананың арасындағы алтын көпір, жаңа өмірдің есігін ашатын маман. Бұл мамандық тек медициналық білім емес, үлкен жауапкершілік пен мейірімділікті талап етеді. Қаншама ана мен нәрестенің өмірі осы мамандардың қолында.