2025 жылы елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды, және бұл біз үшін құрылысшы мамандығына деген ерекше назар аударудың маңызды сәті. Құрылысшылар — қоғамның негізін қалаушы, еңбектің арқасында біз өмір сүріп отырған ғимараттардың, жолдар мен көпірлердің құрылысын жүзеге асыратын мамандар.
Құрылысшы болу — бұл тек тас пен бетонды өңдеу ғана емес, бұл -болашақтың іргетасын қалауға, жаңа өмір саласын жасауға үлес қосу деген сөз. Құрылысшылар өздерінің күнделікті жұмысында сәулет өнері мен техникасын біріктіріп, әр ғимараттың құрылымын жан-жақты зерттеп, оның қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз етеді.
Еліміздің үшінші мегаполисі Шымкенттің құрылыс саласына елеулі үлес қосып жүрген жанның бірі – Бекболат Көккөзов. Мамандығымен мақтанатын құрылысшы, кірпіш қалаушы өз ісінің нағыз шебері.
"Еңбектің наны тәтті" дегенді басшылыққа алған ата-ананың тәрбиесін көрген Бекболат ағамыз жастайынан еңбекқор болды.
«Мен бұл жұмысқа 2000-шы жылдары келдім. Содан бері, міне, 25 жыл да өте шығыпты. Мен өз жұмысымды жақсы көремін, мамандығыммен мақтанатын адаммын. Бұл жұмысты сүйіп істей білген адамға еш қиындығы жоқ. Әр құрылыс аяқталып, еңбегімнің нәтижесін көргенде қатты қуанамын. Халықтың алғысын алу біз үшін үлкен мәртебе деп санаймын. Кірпіш қалау – ол тек баспана тұрғызу емес, ол - арман мен үмітті жүзеге асыру»,- дейді Бекболат Көккөзов.
Бекболат ағамызды әріптестері өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, тиянақты, өз ісінің маманы ретінде таниды және сыйлайды.
Құрылысшылар — бұл тек ғимараттар тұрғызушылар емес, олар қалалардың архитектурасын, инфраструктурасын және адамдардың өмір сапасын қалыптастыратын мамандар. Құрылысшы жұмысы қаншалықты ауыр және жауапты болса да, оның еңбегінің нәтижесі күнделікті өмірде үлкен маңызға ие.
Биыл 2025 жылы жұмысшы мамандықтарына деген назар артқан сайын, құрылысшы мамандығының болашағы да зор. Жас құрылысшыларды қолдау мен кәсіби білімдерін жетілдіру бағдарламалары осы саладағы сапалы мамандарды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Құрылысшылар тек өздерін ғана емес, бүкіл қоғамды жоғары деңгейде дамытудың негізін қалаушы болып табылады.
"Ер дәулеті-еңбек" демекші, білек күші, маңдай тері, адал еңбегімен отбасы нәпақасын тауып жүрген Бекболат ағамыздың отбасына амандық, жұмысына сәттілік тілейміз!